Құқық қорғау органдары

Өткен жылы өңірде 7 жарым мыңнан аса қылмыс жасалған

Мәселен, өткен жылы аталған ведомство тексеру жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті фискалдық органдарға 7 мыңға жуық акт берген. Оның 3174 жеке кәсіпкерлердің ісін бақылау үшін рәсімделіпті. Нәтижесінде 148 мың әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

Марат Ахметов – ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің СҚО бойынша басқармасының бастығы:


–  Әкімшілік құқық бұзушыларға 1 млрд 757 млн теңге айыппұл салынды. Сомманың 1 млрд 142 млны өндіріліп алынды. Қалған ақша алдағы уақытта мемлекет қазынасына құйылатын болады. Жақында осы атқарылған іс бойынша республикалық рейтинг шықпақ. Онда біздің өңір қаржыны қайтарып алу ісі бойынша 6-шы 7-ші орындарға тұрақтайды деген ойдамыз.

Басқарма мамандары жол-көлік оқиғаларын да назарда ұстайды. Мәселен, былтыр теріскейде 187 рет темір тұлпарлардың апаты орын алыпты. Салдарынан 231 адам жарақаттанса, 39 тұрғын қаза тауыпты. Бұл көрсеткіштер 2016 жылмен салыстырғанда 19 және 11 пайыздарға төмен. Бұған қоса брифингте өңірдегі қылмыстық жағдай да сөз болды. Өткен жылы өлкемізде 7 жарым мыңнан аса құқық бұзушылық тіркеліпті. Заңның ала жібін аттағандардың дені – ұрылар.

Махаббат Кәрібайқызы – ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің СҚО бойынша басқармасы бастығының орынбасары:


–  Былтыр өңір аумағында орын алған қылмыстық оқиғалардың саны 2016-шы жылмен салыстырғанда 19 пайызға төмендеді. Республика аумағында тіркелген құқық бұзушылықтардың тек 2,3 пайызы ғана біздің облысқа тиесілі. Өлкемізде жасалған қылмыстардың 59 пайызын бөтеннің мүлкін жымқыру фактілері құрайды. Әсіресе, пәтер тонау оқиғалары азаймай отыр. Тағы, айта кету қажет теріскейде жасалған ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу көрсеткіші 92 пайызды құрады.

Басқарма мамандары пәтер ұрыларының құрығына түспеу үшін үйдің кіре берістеріне бейнекамера орнатуға кеңес береді. Өткен жылы қаламыздағы 678 подъезге арнайы құрылғы қойылған. Қазір олардың 47-сі жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта барлық қондырғы іске қосылмақ. Бұл бейнекамералардың көмегімен қылмыстық істерді ашу көрсеткіші жоғарылайды деген үміт бар.

Байболат Бектемірұлы