ТЖ

Мереке күндері өңір аумағында 13 өрт оқиғасы тіркелді

Олар пиротехникалық жарылғыш заттардың талапқа сай келуін тексеріпті. Нәтижесінде 3 мыңнан аса заңсыз өнім тәркіленді. Бұдан бөлек, қызметкерлер әлеуметтік маңызы бар нысандарға бақылауды күшейкен.

Игорь Балеев – СҚО ТЖД Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызметі басқармасы бастығының орынбасары:


–  Мереке күндері өңір аумағындағы 686 нысан бақылауға алынды. Ол жерлерде жаңа жылдық ертеңгіліктер, түрлі концерттер ұйымдастырылды. Сол себепті халық көп жүретін ғимараттардағы қауіпсіздікті күшейттік. Абырой болғанда бірде-бір әлеуметтік маңызы бар нысанда төтенше жағдай тіркелмеді.

Дегенмен, өзге жерлерде мереке төтенше жағдайларсыз өтпеді. Мейрам күндері теріскейде 13 бірдей өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 2 тұрғын құтқарылып, 6-ы қауіпсіз жерге көшіріліпті. Айта кетейік, оқыс оқиғалардың барлығы жеке меншік аумақтарда орын алды. Көбінесе тілсіз жау жерлестеріміздің немқұрайлылығы салдарынан моншалар мен тұрғын үйлерде туындапты. Бұдан бөлек, Петропавлда 1 автобус отқа оранған.

Дмитрий Рябенко – СҚО ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бөлімінің бастығы:


–  Автобустардың дені ескі. Осындай әдбен тозған қоғамдық көлік 31-і күні отқа оранды. Қызыл жалын сымдардың қысқа тұйықталуынан шыққан. Зардап шеккендер жоқ.

Тағы, 2-ші қаңтар күні кешкі сағат 21:00-де Қызылжар ауданда қораның маңында үйіліп тұрған шөп жанып кеткен. Қыс ішінде үймені бәз біреулер қасақана жағып жіберіпті. Әзірге іске қатысы барлар анықталмаған. Бұдан бөлек, демалыс күндері департаменттің апаттық-құтқару бөлімінің мамандары да күшейтілген режимде жұмыс істепті.

Рүстем Жұмағалиев – СҚО ТЖД Бірыңғай кезекші диспетчерлік қызметі басқармасының бастығы:

– Жалпы, мереке күндері 26 оқыс оқиға орын алды. Олардың 2-еуі көлік апатына қатысты. Біздің мамандар Петропавл-Жезқазған бағытында машиналар қақтығысқан жерге барып, көмек көрсетті. Тағы, жылу каналы маңында жолдан шығып кеткен жүк көлігінің шығуына да жәрдемдесті.

Апаттық-құтқару бөлімінің қызметкерлері сондай-ақ, үйінің есігін өздігінен аша алмаған петропавлдыққа да көмек көрсеткен.

Байболат Бектемірұлы