Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тауық жылында орын алған маңызды оқиғалар

Байбалат Бектемірұлы, тілші:

–  Міне, тауық жылын да еңсергелі отырмыз. Көзді ашып жұмғанша 365 күн де артта қалды. Осы уақыт аралығында облыс өмірінде бірқатар маңызды оқиғалар орын алыпты. Сол болған жайлардың барлығын мен жіпке тізіп көрген болатынмын. Тарқатып айтайын.

Тауық жылындағы алғашқы ауыз толтырып айтарлық оқиға көктемде орын алды. Наурызда ел көлемінде кадрлық ауыс-түйіс жүріп, өңірге жаңа әкім тағайындалды. Аймақ басшысын облыстық мәслихаттың 12-ші кезектен тыс сессиясында Президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков таныстырды. Жиында халық қалаулылары 51 жастағы Құмар Ақсақаловтың кандидатурасын бірауыздан қолдап, дауыс берді.

Әділбек Жақсыбеков – ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы:

–  Құмар Іргебайұлының тәжірибесі мол. Совхоздың бас инженері, ауыл шаруашылығы кәсіпорнының басшысы және екі бірдей ауданның әкімі болды. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының басшысы және хатшысы қызметтерін атқарды. Осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары болып еңбек етті.

Бұл 2017-інің көктемі ел есінде басқа да оқиғаларымен сақталмақ. Себебі, биыл теріскейде бұрын соңды болмаған су тасқыны орын алды. Бірінші болып табиғи апат Ғ.Мүсірепов ауданына қарасты Рузаевка селосына залалын тигізді. Арнасынан асқан Шарық пен Жембарақ өзендерінің суы 150-ден аса үйге кірді. Тіпті, оның 12-сін түгел шайып, жермен жексен етті. Десе де, барлық өңір тұрғындары жұмылып, тілсіз жаудан зардап шеккендердің баспаналарын қалыпқа келтіруге ат салысты.

Тасқынның зардабын тартып есі екеу, түсі төртеу болған ағайынға мемлекеттен де көмек көрсетілді. Үйі қирғандарға баспана берілді, 3 млн теңге көлемінде өтемақы төленді. Алайда, теріскейде мұнымен қызыл су келтірген шығын тоқтап қалмады. Ендігі кезекте тілсіз жау Шал ақын, Есіл, Қызылжар аудандарына да жетіп, залалын тигізді.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Ең басты мақсатымыз адамдарды қауіпсіз аймаққа шығару. Эвакуациялау пунктеріміз дайын. Жатын орны, тамағы барлығы бар.

Қызыл су тартылған соң, апатты болдырмау амалдары да жүргізілді. Мәселен жыл соңына дейін Былғары зауыты ауданында бөгет тұрғызылды. Ұзындығы 3 шақырым 100 метр, биіктігі 5 жарым метрлік нысанның құрылысына 2,6 млрд теңге жұмсалыпты. Болашақта өлкемізде бұдан бөлек те бірталай іс тындырылмақ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Осы нысанды көтерерде көп жылғы мәліметтер ескерілді. Су деңгейіне қарап, дамбаның биіктігін 4 метрден асырдық. Қазіргі таңда облыс бойынша шамамен 57 елді мекен төмен аумақтарда орналасқан. Су басу қаупі бар. Онда 100 мыңға тарта адам тұрады. Осы күні жол карталары жасалып, атқарылатын шаруалар пысықталуда. Ауыл маңайларын жан-жақтан бөгеттермен қоршаймыз, жол астына құбырлар салынады. Алдағы 3 жылда бұл мақсатқа 7 млрд теңге бөлінбекші.

Қызыл су облыс тұрғындары мен басшылығына үлкен сынақ болса, өсімдік шаруашылығы биыл жерлестеріміз үшін табысты болды. Көктемгі дала жұмыстары кезінде 3,2 млн гектар алқапқа ырыс дәні сіңірілді. Дәнді жерге сіңіру жұмыстарында бел жазбаған аграрилердің жұмысын өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов та бақылауынан тыс қалдырмады. Облысы әкімі әр ауданды аралап, егіс басында болды. Жасаған сапары кезінде өңір жетекшісі шаруаларға жерді дұрыс пайдаланып, өнім көлемін арттыруды қатаң тапсырды.

Биылғы жаз барлық отандастарымыз үшін “ЭКСПО-2017” халықаралық көрмесімен есте қалғаны анық. «Болашақ энергиясы» тақырыбымен өткен көрме аясында СҚО мәдениет күндері ұйымдастырылды. Онда жергілікті актерлер спектакль сахналаса, өнерпаздар ән мен биден шашу шашты.

Биыл өңірде құрылыс саласына қарқын қосылды. Жыл басынан бері облыста жалпы аумағы 200 мың шаршы метр үй салынды. Полицейлерге жатахана тапсырылды. Қазір Ярослав Гашек көшесінде орналасқан нысанда 40 тәртіп сақшысының жанұясы тұрып жатыр. Ал, қазіргі таңда облыс орталығында әлеуметтік маңызы бар – оқушылар сарайы мен теннис корты тұрғызылып жатқандығын айта кетейік.
Биыл теріскейге инсвестор тарту шаруасы қызу жүргізілді. Бұл ретте тамыз айында шаһарымызда қалталы азаматтардың форуымы өтті. Шараға Италия, Астралия, Индонезия, Ресей мен Қытай сынды елдерден 200-ге жуық адам қатысты. Аспан асты елінің өкілдері Петропавл қаласында “КАЗ” брендті көліктер жинақталатын индустриалық парк тұрғызу ұсынысын жасады. Инвестиция көлемі 65 млрд теңгені құрамақ.

Ван Тянде – “Shiyan Derui Gong Mao Co. Ltd” компаниясының басқарма төрағасы, ҚХР:

–  Біз машина мен қондырғылар жасауды зерттейтін ең озық база құруды көздеп отырмыз. Жобаның алғашқы кезеңінде өзге қытайлық кәсіпорындармен стратегиялық әріптестік орнатылады. Алдыңғы қатарлы компаниялардан түрлі машиналардың бөлшектері мен қондырғыларын сатып алып, осында құрастыратын боламыз. Бұның арқасында 3-4 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Айта кетейік, инвесторлар форумында жалпы соммасы 100 мдрд теңге болатын 20 меморандумға қол қойылды. Осы құжаттардың бірі аясында Ғ.Мүсірепов ауданында құс фабрикасы мен шошқа кешені тұрғызылмақ. Тайыншада сүт және астық өңдейтін кәсіпорын ашылады. Ал, Қызылжар ауданында авиациялық зауыт салынбақ. Қытайлық инвесторлармен кездесу екінші мәрте осы елдің Хубей провинциясында өтіп, облыс әкімі болашақ әріптестерімен келіссөздер жүргізіп қайтты.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

–  Біздің өңірде қайта өңдеу, машина жасау сынды салаларға инвестиция құюға ниетті қытайлық бизнесмендермен кездестім. Әрбір жиын бойынша жоба жасалды. Оларды жүзеге асыруға байланысты жол картасын әзірлеуді Дәурен Жандарбекұлы сізге тапсырамын. Ауыл шаруашылығы, туризм, спорт, денсаулық сақтау, білім беру басқармаларын жинап, олардың міндеттерін бөліп беріңіз.

Жылдың бұл мезгілінде теріскейде орақ науқаны қызды. Жергілікті дихандар қырман басында күндіз-түні тер төгіп, көл-көсір өнім жиды. Қамбаға рекордтық 5,6 млн тонна астық құйылды. Бұл республикалық жалпы түсімнің 30 пайызын құрады. Облыс бойынша орташа гектар шығымдылығы 18,2 центнерді құрады. Ал, былтыр ол көрсеткіш 17,6 центнерден айналған болатын.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл жақсы көрсеткіштерге мемлекеттен көрсетілген көмек арқылы жетіп отырмыз. Биыл сапалы тұқым ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Минерелды тыңайтқыштар былтырғымен салыстырғанда 35 пайызға көп себілді. Елбасының тапсырмасына сай диверсификатция жұмыстарының нәтижесін көріп отырмыз. Былтырғымен салыстырғанда майлы дақылдар 40 пайызға көп егілді.

Бұл атқарылған жұмыстардың барлығын өңір жетекшісі Астанада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен “Нұр Отан” партиясының саяси кеңесінің отырысында баяндады. Жиында облыс әкімі солтүстікте өндіріс қарқынды дамып келе жатқандығын айтты. Былтырғы жылмен салыстырғанда 105 пайыз өсім бар. Алдағы уақытта Президент тапсырмасына сай “ПАМЖЗ” мен “Киров” атындағы зауыттар жаңғыртудан өтпек. Іске мемлекеттен 6 жарым млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар, өңірде кіші және орта бизнес те алға жылжуда. Жол жөндеу ісі де ойдағыдай жүргізілуде.
Құмар Ақсақаловтың бұл жұмысына мемлекет басшысы оң бағасын берді.

Нұрсұлтан Назарбаев – ҚР Президенті, “Нұр Отан” партиясының төрағасы:

– Северный Казахстан – аграрная область, первый год начал работать. Я считаю, неплохо все это идет, продолжай в таком же духе.

Желтоқсан айында Петропавлда өндіріс көлемін одан әрі арттыратын тағы бір зауыт іске қосылды. Ол – “Маслодел” ЖШС жаңа сүт цехы. Кешенді «Жаңа индустрияландыру: Қазақстан барысының серпіні» жалпыұлттық телекөпірі аясында ел Президенті Н.Назарбаевқа таныстырылды. Жалпы, кәсіпорын тәулігіне 320 тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы. Жоба құны – 3 млрд теңгені құрайды. Бұл зауыттың ашылуына Ұлт көшбасшысы оң бағасын берді.

Бұдан бөлек, “РимКазагро” ЖШС-нің цехы да жұмысын бастады. Ол жерде жылдам дайындалатын Паста-мама кеспесі әзірленеді. Қазіргі таңда кешенде 59 адам еңбек етуде. Теріскейдік мамандар шығаратын өнім Қазақстанда ғана емес, Ресейде де саудаланады. Тағы, облыс орталығында өңірдегі ең үлкен сауда-ойын сауық орталығы ашылды. “Сити мол” деп аталатын нысанның жалпы аумағы 25 мың шаршы метрді құрайды. Онда азық-түлік, киім-кешектің бәрі саудаланады. Кинопарк пен дәмханалар да жұмыс істейді. Балалар алаңы, батут, ондаған аттракциондар мен фуд-корт та салынған.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

–  Қаламызда осындай заманауи нысандар көптеп болғаны дұрыс. Бұл ең алдымен тұрғындар үшін ыңғайлы. Бұл жерде бірден сауда жасап, демалысыңды жақсы өткізуге болады. Келешекте тағы бір осындай нысанды іске қосу жоспарлануда.

Жалпы, тұңғыш перзидент күніне орай 40, ал Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Солтүстік Қазақстанда 50-ден аса әлеуметтік маңызы бар нысан ашылды. Олардың арасында “Орман” ықшам ауданында орналасқан “Аққайың” балабақшасы да бар. 140 орынға шақталған мектепке дейінгі білім беру мекемесін тұрғызуға 530 млн теңге жұмсалыпты. Жаңа ғимарат қолданысқа берілгесін Петропавлда 3-пен 6 жас аралығындағы балалардың барлығы балабақшамен қамтылды. Міне, осылайша басы қатты, соңы тәтті болған Тауық жылы да аяқталып отыр. Енді, келер жылда да барынша табысты болады деген үміт зор.

Байбалат Бектемірұлы, тілші:

 

– Жеті қазынаның бірі саналатын алдағы ит жылы Петропавлда өңір тарихында қаларлықтай ауқымды шара өтпек. Күзде теріскей төрінде Қазақстан мен Ресейдің ХV-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы ұйымдастырылады. Онда туризим саласын дамыту тақырыбы талқыланбақ. Жиынға қос елдің Президенттері қатысады деп күтілуде.

Байбалат Бектемірұлы