МТРА жаңалықтары

С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана базасында заманауи Коворкинг орталығы ашылды

Мадияр Қожахмет – әкімінің орынбасары:


– Ксәіпкерлер мен жастардың мәдени және шығармашылық тұрғыда дамуы үшін орталықты аштық. Кітапхана кітап оқитын жер ғана емес, оқырманның іскерлігін дамытатын орын болуы тиіс.

Мұнда бизнесмендер, белсенді азаматтар, студенттер мен оқушылар бір-бірімен қарым-қатынас жасап, оқып-үйреніп, бірлесе жемісті жұмыс жасай алмақ. Бұл үшін мұнда барлық жағдайлар жасалған. Аумағы 80 шаршы метрді құрайтын залда компьютерлер, принтер мен сканер, теледидар мен мәжіліс үстелі орналасқан. Скайп арқылы онлайн конференция жүргізуге де болады. Ал, қызмет арасында үзіліс жасаймын дейтіндер үшін шай, кофе, жұмсақ дивандар қойылыпты. Тегін Вай-фай, жылдамдығы жоғары интернет жұмыс барысын жеңілдете түседі. Орталық қызметін пайдалану тегін. Дегенмен, талаптар да жоқ емес.

Ләззат Жолаушынова – С.Мұқанов атындағы ОӘҒК бас кітапханашысы:


– Басты талап – келуші біздің кітапхананың оқырманы болуы керек, яғни оөқырман билеті болуы шарт. Мұнда кәсіпкерлер де, жастар да, жай тұрғындар да пікір алмаса алады, жұмыс істей алады. Бұл біздің сыйлық.

Коворкинг орталығының жұмысын алғашқы болып пайдаланғандардың бірі – студент Дамира Серікбаева. Үйінде ғаламторы жоқ бойжеткен оқуға қажетті материалдарды енді осы жерден алмақ.

Дамира Серікбаева:


– Мен интернеттен қажетті ақпарат іздеп, реферат жазып жатырмын. Бұл орталықтың ашылғанына қуаныштымын.

Орталықтың ашылу салтанатына онлайн байланыс бойынша Алматы мен Қызылордалық кітапханалары шығып, құттықтауларын білдірді. Шара соңында облыстық кітапхананың үздік оқырманы анықталды. Бұл аталымда Ардақ Қожамұратов топ жарды. Ол мұнда тек кітап оқу үшін ғана емес, ағылшын тілін үйренуге де жиі келеді екен.

Саят Ермек