Әр түрлі

Биылғы жаңажылдық дастархан мәзірі

Тоғжан Ақмағамбетова-тілші:


– Әлемнің көптеген мемлекеттері атап өтетін жаңа жыл мейрамына санаулы күндер қалды. Атаулы күнге орай әр үйде мерекелік дастархан жайылып, түрлі дәмді тағамдар әзірленеді. Мерекелік кеште не жейді, не ішеді – ол әркімнің өз қалауы. Дегенмен, дастархан үстіне қандай ас қоятыныңызды алдын-ала ойлап қойған артық емес.

“Хан ауылы” мейрамханасының аспазы Александр Пасечниктің осы салада 10 жылдық тәжірибесі бар. Оның айтуынша жеті қазынаның бірі саналатын ит жылын қарсы алғанда дастархан үстінде міндетті түрде еттен жасалған тағамдар болуы шарт. Сондықтан, бүгін ол бізге “Стейк Рибай” асын дайындау жолдарын көрсетуде.

Александр Пасечник, “Хан Ауылы” мейрамханасының бас аспазы:


–  “Стейк рибайды” әзірлеуге небәрі 40 минуттай уақыт жұмсалады. Бірақ қара малдың кесек етін алдын-ала маринадтап қою керек. Сұйықтықты әзірлеу ішін пияз, сарымсақ, 5 түрлі бұрыш және газдалған су керек. Олардың бәрінде блендермен езіп, қалауларыңыз бойынша қызанақ қосуға болады. Бүдан соң, дайын болған маринадтың ішіне тілім етті салып, оны 12 сағат ұстаған жақсы. Міне, уақыт өте келе осы дүниені майлықпен сүртіп, үстіне қыша жағып, бұрыш пен тұз сеуіп, 1-2 сағатқа тоңазытқышқа қойған абзал.

Осыдан кейін қыздырылған табаға күнбағыс майын жағып, кесек етті қуыруға болады.

Отқа сәл күйдірілген рибай әбден дайын болу үшін пешке салынады. Ол мұнда 180 градус температурада 20 минут ішінде пісіп шығады. Ас дайын болғанша, оған көкөністерден гарнир әзірлей берсеңіз болады.

Александр Пасечник, “Хан Ауылы” мейрамханасының бас аспазы:

– Ол үшін біз цукини, болгар бұрышы, қозықұйрықты аламыз. Аталғандардың барлығын ірі қылып турап, оны орегано және сарымсақпен дәмдеп, зәйтүн майымен қуырамыз. Содан соң, пияз, саңырауқұлақ, бальзамды сірке суы мен, қою кілегейді араластырып, тұздық жасаймыз.

Енді дайын өнімді өз еркініз бойынша безендіріп, тек қана дастархан үстіне қою ғана қалды.
Жалпы салаттар мен тіскебасарлар да кез келген ас мәзірінің ажырамас бөлігі болып есептеледі. Сол себепті, жанұяныңыздың таңдауына қарай кез келген салатты дайындауға болады. Өйткені, иттің тағамға деген талғамы қатал емес және ет, балық, тәттілердің барлығын жейді.

Тоғжан Ақмағамбетова-тілші:


– Айта кетсек, мерекелік ас мәзірі бүкіл отбасы мүшелерінің талғамына, қалауына сай етіп жасау, әрине өз қолымызда. Сондықтан, баршамыз биылғы ит жылын жақсы қарсы алу – тек берекелі дастарқанға емес, сіздің жеке көңіл-күйіңізге де байланысты деп айтқым келеді.

 

Тоғжан Ақмағамбетова