Қоғам

2017 жылда табысқа жеткен теріскейліктер

Саят Ермек – тілші:


– Бірі қызметте ілгері жылжып, еңбегінің еленгенін тілейді, бірі сәби сүйіп, ата-ана болуды, үшіншілері пәтер иесі атанып, қоныс тойын тойлауды қалайды. Бұл мақсаттардың бірі болмаса біріне қол жеткізген, табандылық пен қажырлық арқасында 2017-де табысқа кенелген солтүстікқазақстандықтар баршылық. Әркімнің тауық жылында бағындырған өз белесі, жеткен өз жетістігі бар.

2017 жылы қызметінде алға басып, бүгінде облыстық “Рухани жаңғыру” жобалау кеңсесіне жетекшілік етіп отырған жан – Ақмарал Ибраева. Маңызды бағдарламаның өңірде орындалуын қамтамасыз етуді көздеген бұл бөлімшені басқару ғалым үшін үлкен жетістік көрінеді.

Ақмарал Ибраева – “Рухани Жаңғыру” жобалау офисінің жетекшісі:

– Мен тарихшымын, профессормын. Сондықтан маған “Рухани жаңғыру” өте жақын. Өте керемет сезімдемін. Ұсыныс түскен кезде әкімшіліктің менің еңбегімді бағалап, үлкен жауапкершілік артқанын түсіндім.

Биыл Ақмарал Ғосманқызы бір ғана белесті емес, бірнешеуін бағындырып, толағай табыстарға қол жеткізген. Жанұясында да, ғылыми және еңбек жолында да мақтан тұтарлық өзгерістері аз емес.

Ақмарал Ибраева – “Рухани Жаңғыру” жобалау офисінің жетекшісі:

– Президент жарлығымен маған “Шапағат” медалі бұйырды. Бұл мемлекет пен қоғамның әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына қосқан үлес үшін беріледі. Мен бұған өте қуандым. Сонымен қатар, биыл менің бірінші немерем дүниеге келді.

Ал өңірдің бас кардиохирургы Игорь Шумаков үшін жүрекке сәтті жасалған әр ота – табыспен пара-пар. Жыл басынан бері бұл дәрігер бастаған бөлімше 2,5 мың теріскейліктің өмірін құтқарыпты. 2013 жылғы Денсаулық сақтау саласының үздігі, ал 2014-те жыл патриоты. Бұл марапаттар облыстық кардиологиялық орталықтағы кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісіне тиесілі. Алайда 2017 жыл ақ халатты абзал жан үшін тіптен ерекшеленді. Себебі, жуырда ол Елбасының жарлығымен “Құрмет” орденін тағынды.

Игорь Шумаков – облыстық кардиологиялық орталықтың кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, “Құрмет” орденінің иегері:

– Бұл марапат менің ғана жемісім емес. Мен басқарып отырған бөлімшенің табысы деп білемін. Биылғы жылы жүрекке жасалатын оталардан кейін пациенттердің 98 пайызы толығымен жазылып шықты, онымен қоса бірнеше заманауи құрылғыларды сатып алдық. Басты жетістік – осы. Менің ойымша, табыстың кілті – мамандыққа деген сүйіспеншілікте. Пациентім үйіне, отбасына, аман-есен, жүректегі ақаусыз оралып жатса, шын көңіліммен қуанамын. Ал ордендер мен медальдар екінші кезекте.

2017 жылы ел байрағын әлемдік додаларда желбіреткен жерлес спортшылардың бірі – Михаил Литвин. 400 метрге жүгіретін теріскейлік спринтер дәл осы жылы мансабындағы әзірге ең биік жетістікке қол жеткізді. Бұл – Ашхабадта өткен жабық кешендегі Азия ойындарының қола медалі. Алайда, 2017 жыл Михаил үшін аса оңай басталған жоқ. Жыл басталмай жатып, аяғындағы сіңірін жарқаттап алады. Десе де табандылық пен қайсарлықтың арқасында ауруынан айығып, биік белестен көріне білді. Тіпті, Қазақстан рекордын да жаңартқан.

Михаил Литвин – жеңіл атлетикадан Ашхабадта өткен жабық кешендегі Азия ойындарының жүлдегері:


– Жыл басында жарақат алып, жарты жыл бойы жаттықпағаныма қарамастан, Азия ойындарында тиісті қашықтықты 46,58 секундта жүгіріп өтіп, үштікті тәмамдадым. Бұл Қазақстандағы ең үздік көрсеткіш. Жазғы универсиада ойындарында үздік ондыққа ендім. Сондықтан биылғы жылды табысты санаймын. Келер жылы Ұлыбританияда өтетін әлем чемпионатында топ жарсам деймін. Бұл үшін қазірден бастап қарқынды дайындалудамын. Күн сайын өзіме жаңа мақсат қоямын да оны орындауға тырысамын. Табысымның кілті осында.

Бұл тауық жылында табысқа кенелген теріскейліктердің толық тізімі емес, әрине. Тек кейбірі ғана. Ал өзге өңір тұрғындары үшін 2017 қандай болды? Қатардағы солтүстікқазақстандықтар отбасы мен қызмет жолында нендей табысқа кенелді? Оны да сұрап көрдік.

Тауық жылының сыйлаған тағы бір табысы – шаһардағы тұрақты демографиялық жағдай мен отбасын құрған жұптар санының өсуі. Бұл, әрине, бәрімізге ортақ жетістік.

Наталья Сурма – Петропавл қалалық АХАТ бөлімінің меңгерушісі:

– 2017 жылы шаһарда 2133 жұп некеге тұрды. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда жүз жұпқа артық. Сонымен қатар, қаладағы демографиялық жағдай тұрақты. Жыл басынан бері туған және бізде тіркелген сәбилердің саны 3581-ді құрайды. Тағы биыл 25 жұпта егіздер дүниеге келген.

Саят Ермек – тілші:


“Міне, өтіп бара жатқан 2017-нің теріскейліктерге бергені осы. Жаңа жылдан, әрине жаңа табыс, жаңа жеңістер күтеміз. Алайда, кез келген жетістіктің алғышарты қажырлық, табандылық пен мақсаткерлік екенін ұмытпаңыздар.

 

Саят Ермек