Балалар

Жаңа жыл қарсаңында Петропавл Гуманитарлық-техникалық колледж ұжымы көпбалалалы отбасын қуантты

Жаңа жыл қарсаңында мұнда аяз ата мен ақша қар келіп, балғындарды қуантты. Бүлдіршіндер тақпақ айтып, тәтті сыйлықтар алды. Ольга Васильеваның үйі көктемдегі су тасқынынан тас талқан болыпты. Баспананы қалыпқа келтіруге гуманитарлық техникалық колледж ұжымы қаржылай көмек көрсетіп қана қоймай, жөндеу жұмыстарына білек сыбанып араласқан. Үйдің сыртын қаптап, электр энергиясын тартқан, еденді ауысытырып, пеш салып берді. Сарай мен темір қоршау да тұрғызыпты. Енді міне, жаңа жыл қарсаңында да қайырымдылық жасап отыр. Отбасы жаңа жылды жақсы қарсы алу үшін колледж басшылығы қажетті азықтың бәрін алып келіпті. Ананың мұндай жәрдемге айтар алғысы шексіз.

Ольга Васильева – көп балалы анна:


– Үлкен балаларым шәкіртақы алады, жәрдемдесуге тырысады, алайда, бұл күнкөріске жетпейді. Александр Мерк бастаған колледж ұжымы айтарлықтай көмек көрсетеді. Жөндеу жасап берді, қыздарым колледжде тегін тамақтанады, киім-кешек, азық-түлік әперіп тұрады. Енді міне жаңа жыл қарсаңында тағы бір қуантты.

Балғындар да жомарт жандарға алғыстан жауын жаудыруда.

8 баланың ең үлкені қызмет етіп жүр, ал кенжесі шағын орталыққа барады екен. Ольга Васильеваның ортаншы екі қызы дәл осы колледжде білім алады.

Александр Мерк – Петропавл ГТК директоры:


– Мұндай үлкен отбасын асырау оңай емес. Сондықтан, қолдан келгенше көмекті аямауға тырысамын. Азын-аулақ тамағы мен табысы болсын деп, 35 тауық, екі шошқа аналығын алып бердім. Көп балалы отбасыларға жәрдем әрдайым қажет. Барлық кәсіпкерлерді, басшыларды жомарттық жасауға шақырамын.

Қазір Ольга Васильева еден жуып, күнкөріс жасайды. Алайда, жалақысы небәрі 25 мың теңге. Тағы “Алтын алқа” үшін ай сайын 15 мың теңге көлемінде жәрдемақы алады екен. Бұл қаражат әрине 8 баланы асырауға жетпейді. Игісі, бойжеткен қыздары жаз айларында жұмыс істеп, азын-аулақ тиын табады. Жаңа жылды қалай қарсы аларын білмей отырған отбасы енді мерекелік түнде шағын дастархан жаймақшы.

Саят Ермек