МТРА жаңалықтары

Депутаттар “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуын талқылады

Мәселен, осы жылы аталған жоба аясында теріскейде жалпы 200 мың шаршы метр баспана салыныпты. Оның шамамен тең жартысы, яғни 109 мыңы көпқабатты үйлердің үлесіне тиесілі. Нәтижесінде биыл 1300-ден аса жерлесімізге пәтер кілті табысталған.

Қайрат Мұстафин – СҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:


–  Құрылыс жұмыстарына 8,3 млрд теңге жұмсалды. Бұл қаржының басым бөлігі Ұлттық қордан бөлінді. Қалған қаражат республикалық және облыстық бюджеттен берілді. Бүгінгі күні барлық соманың 97,1 пайызы игерілген.

Келер жылы да өңірде “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы аясында ауқымды жұмыс атқарылмақ. Аталған жоба бойынша 220 мың шаршы метр үй тұрғызылады.
Петропавл қаласына жеке тоқтала кетсек. Облыс орталығында жыл басынан бері 136 мың шаршы метр баспана салынған. Әсіресе, шаһарда төбесі көк тіреген бірталай көпқабатты үйлер бой көтерді.

Қайролла Ғалеев – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:


–  Биыл Петропавлда 1003 пәтерлік 11 үй тұрғызылды. Осылайша құрылыс жұмыстары өткен жылмен салыстырғанда 66 пайызға көп атқарылды. Іске 5 млрд теңгеден аса қаржы жұмсалды. Салынған баспаналардың 4-еуі – жалдамалы-коммуналдық. Осының нәтижесінде біз пәтер кезегінде тұрған жандардың санын 400-ге қысқарттық.

Жиын барысында Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Қайролла Ғалеев депутаттарға алда атқарылатын жұмыстарды баян етті. Оның айтуынша келер жылы облыс орталығында 12 көпқабатты үй бой көтереді. Тұрғызылатын ғимараттардың екеуі жалдамалы-коммуналдық нысан болмақ.
Бүгінде облыс орталығы бойынша пәтер кезегінде 20 мың адам тұр. Осы ретте депутаттар баспанаға мұқтаж адамдарды үймен қамтуға барынша көңіл бөлу қажеттігін қаперге салды.
Бұдан басқа, шаһарымызда мектеп тапшы. Салдарынан бірқатар білім ошақтарында балалар 3 ауысымда оқып жүр.

Артур Молдағұлов – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:


–  Осыдан 2 жыл бұрын Петропавлда балалар 3 ауысымда оқитын мектеп болған жоқ. Қазір олардың саны 4-еу. Бұл – өзекті мәселе. Сондықтан, алдағы уақытта білім ошақтарын тұрғызып, бұл проблеманы шешу керек деп ойлаймын.

Қайролла Ғалеев – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:


–  Қазіргі күні қаламызда 1 мектепті тұрғызу жөнінде жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Нысан Ғ.Мүсірепов, Уәлиханов немесе Мир көшелерінің бойында салынбақ. Одан бөлек, биылдан бастап 2 оқу ошағы тұрғызылады. Осылайша, мәселені шешеміз деген ойдамын.

Тағы, жиында халық қалаулылары дәрігерлерді үймен қамту керектігін айтты. Биыл өңірге 74 маман келген. Алайда, олардың кейбіріне баспана берілмепті. Салдарынан ақ халатты абзал жандардың теріскейде қалу-қалмауы әлі белгісіз болып отыр. Ал, “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы депутаты Сергей Тимофеев қаламыздағы Ет комбинаты мен Береке ықшам аудандары арасында төтет жол салынса дейді. Шаһар басшысының орынбасары деаутаттың ұсынысын қарастыратындығын айтты.

Байболат  Култанов