Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Нұр Отан» партиясы СҚОФ «Денсаулық сақтау» бойынша комиссиясының отырысы өтті

Әлия Оразалина – СҚО денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:

– Медициналық мекмелерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 452 млн 185 мың теңге қаржы бөлінді. Оған біздер 20 нысанда жөндеу шараларын жасадық. Ал медициналық мекемелердің материалдық базасын нығайтуға 1 млрд 225 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, олар толығымен игерілді.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша жөндеу шараларына бөлінген 132 млн 244 мың теңге де бүгіндері толығымен игерілген. Алайда осы тындырылған іске «Нұр Отан» партиясы СҚОФ-ның «Денсаулық сақтау» бойынша комиссиясы өкілдерінің айтар сыны бар. Бірқатар олқылықтарды халық қалаулылары арнайы тексеріс жұмыстары барысында анықтаған.

Юрий Белоног -«Нұр Отан» партиясы СҚОФ «Денсаулық сақтау» бойынша комиссияның жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты:

– Қызылжар аудандық ораталық ауруханасында биыл тамыз айында жөндеу жұмыстары басталды. Оған 46 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Біздер мекемеге кесте бойынша жөндеу шаралары аяқталуға бір жұма уақыт қалғанда бардық. Сонда көргеніміз, бөлінген қаржының тек жартысы ғана игерілген. Қалыпқа келтіру шаралары тым ұзаққа созылып кетіпті. Жұмыс енді ғана аяқталған. Сондықтан денсаулық сақтау басқармасы мұндай маңызды шараларды уақытылы бақылауға алу керек деп санаймыз.

Ал облыстық туберкулезге қарсы диспансер мен перинаталдық орталықта жасалған жөндеу жұмыстарына комиссия мүшелерінің көңілі толған. Енді емдеу мекемелері алатын аппараттар жайлы айтар болсақ. Әрине құрылғыларды алған дұрыс. Бірақ кей емдеу мекемелерінде олар шаң басып тұрған көрінеді.

Юрий Белоног -«Нұр Отан» партиясы СҚОФ «Денсаулық сақтау» бойынша комиссияның жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты:

– 1-ші қалалық аурухана биыл 126 млн теңгеге медициналық қондырғылар алған. Соның 40 млн теңгесі УЗИ аппаратын алуға жұмсалыпты. Бірақ, бұл қондырғы орнатылған кабинет жарты күн ғана істейді. Және оған күніне небәрі 5-6 адам келеді екен. Ал басқа ауруханаларда мұндай тексерістен өтуге күніне 30 адамға дейін жүгінеді. Бұл өте аз. Құрылғының бағасы да қымбат. Одан екі есе арзан қондырғыны алуға да болар еді. Тағы сол Қызылжар аудандық орталық ауруханада 2016 жылы алынған қондырғыны дәрігерлер тек бір жыл өткесін, яғни биыл ғана қолданған.

Емдеу мекемесіндегілер комиссия мүшелері келгенде аппаратпен жұмыс істейтін мамандар жетіспейді тағысын тағы деп түрлі сылтаулар айтқан көрінеді. Әрине қондырғылар бекер алынды деп айтуға болмайды. Бірақ оларды мақсатты пайдалануға барлық мүмкіндіктер бар. Сондықтан халық қалаулылары денсаулық сақтау басқармасы олқылықтарды түзету керектігін айтып отыр.

 

Магжан Ахмадина