МТРА жаңалықтары

Азаматтық қоғамды дамытуға мемлекеттік органдар да атсалысуы тиіс

Сергей Худяков – СҚО азаматтар Альянсы қауымдастығының төрағасы:

– Әр салада шешілмеген мәселе жетерлік. Сондықтан әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға барлық мемлекеттік органдар атсалысуы тиіс деп есептеймін. Осы семинарды да сол мақсатпен ұйымдастырдық. Мемлекеттік қызметкерлерге өз міндеттерін түсіндірдік. Әлеуметтік тапсырыстарды орындауға болатынын түрлі бағыттарды да көрсеттік.

Әлеуметтік тапсырыстарды орындайтын мекемелердің саны неғұрлым көп болса, соғұрлым осы саладағы қордаланып қалған мәселелерді тез арада шешу мүмкін болады. Осы күні елімізде әлеуметтік жобалардың бірыңғай мәліметтер реестрі жасалған. Онда бюджеттік бағдарламаларға жауапты мекемелер сан алуан жобаның тақырыбы мен оның сомасын көрсетеді. Осы орайда ел аумағында тіркелген барлық коммерциялық емес ұйымдардың тендер қатысуға құқылы екендігі айта кеткен жөн. Алайда, әрбір ұйым өзі айналысатын іске сай келетін жобаларды таңдаған жөн.

Гүләйім Нұржауыпова – СҚО ішкі саясат басқармасының бөлім жетекшісі:

– Биыл ішкі саясат басқармасы барлығы 10 жобаны орындады. Атап айтсақ, “Мерейлі отбасы” байқауын өткіздік. Бұдан өзге этносаралық ынтымақтастық, сыбайлас жемқорлық бағыттары бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргіземіз.

Үстіміздегі жылы облысымызда барлығы 107 жоба жүзеге асырылған. Бұл мақсатқа жалпы сомасы 170 млн теңге жұмсалды. Қажетті қаражаттар жергілікті және республикалық бюджеттерден бөлініпті. Алдағы уақытта жергілікті әкімдіктердегі кәсіпкерлік, білім, және спорт бөлімдері де осы бағыттардағы маңызды әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруда үкіметтік емес бірлестіктермен әріптестік жасаса игі болар еді дейді шараны ұйымдастырушылар.

Берік Қасен