Әр түрлі

Жаңажылдық шыршаны дұрыс таңдау керек

Сергей Колмаков – сатып алушы:

– Орманға барып қайтқандай болдым. Иісі аңқып тұр. Жыл сайын 2 метрден ұзын шырша алатынмын. Осы жылы кішірек шырша алуды жөн көрдім.

Шырша таңдағанда бірінші кезекте оның қай жақтан әкелінгендігін сұрап, құжаттарына назар аударған жөн. Бұл сіздің қауіпсіздігіңіз бен денсаулығыңызға әсер ететін бірден-бір фактор. “Елка маркет” дүкені жыл сайын Ресейдің Челябы облысынан 2000-нан астам ағаш әкеледі. Бұл жерде тұрғындардың талғамына қарай түрлі шыршалар бой түзеген. Барлығының санитарлық тексерістен өткенін растайтын сертификаттары мен құжаттары бар.

Сергей Ушаков, «Эвелина» ЖК директоры::

– Біз әкелетін шыршалардың ұзындығы 1,5 метрден 5 метрге дейін жетеді. Ең биік шыршаларды көбіне кәсіпорындар мен балабақшалар сатып алады. Шыршаларда түрлі жәндіктер болуы мүмкін. Сол себепті қауіпсіздік шараларын сақтау қажет. Осы орайда, ағаштар арнайы санитарлық тексеруден өтеді.

Келесі міндет – мереке нышанын безендіру. Бұл шаруада түрлі әдістерді қолдануға болады дейді мамандар. Мәселен сәнге айналған мына декорациялар көбіне Еуропа елдерінде танымал. Ал Қазақстанға бұл сән тек бертін келген. Осындай әдемі композицияларды флористтер өздерінің талғамына қарай әрлейді. Бұл ретте олар голландиялық нобилис шыршаларын қолданады.

Айгерім Тоқбай – флорист:

– Бүгін біз жаңажылдық безендіру композициясын жасаймыз. Ол үшін бізге ойыншықтар, майшам, флористтік губкалар мен шырша бұталары қажет болады. Осындай губканың көмегімен гүлдер де, шырша бұтақтары да ұзақ уақыт тұрады.

Нобилис ағашының пішіні де, тікендері де, қалыңдығы және түсі де өзгеше. Цитрустық иісі аңқып тұрған ағаш қылқандары ұзақ уақыт сақталатын көрінеді.

Айгерім Тоқбай – флорист:

– Жақсы күтім жасайтын болса, бұл ағаш 1 жыл көлемінде сақталуы мүмкін. Ол үшін ылғалдылығын тексеріп отыру қажет.

Мұндай композиция жасап шығуға 30-40 минут уақыт қажет. Ал безендіруге қол астындағы барлық заттар жарап жатады. Тіпті, ас үйдегі корица, кептірілген жемістерді де қолдануға болады.

Айгерім Тоқбай – флорист:

– Бұл композицияны жасау үшін Нобилис ағашының екі бұтағы жұмсалды. Жалпы декорацияның құны
4000 мыңнан 8000 мыңға дейін жетеді. Ал мына орташа көлемді жинақтың бағасы – 6000 теңге.

Мұндай Жаңа жылдық кәделерді әр жерлесіміз туған-туыстары мен достарына да сыйлай алады.

 

Молдир Макишева