Балалар

“АДОН-север” ҚБ мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап қайырымдылық кеш ұйымдастырды

Биыл онжылдық мерейтойын атап өткен бұл орталық осындай іс-шараларды өткізуді дәстүрге айналдырған. Осы жылы ұйымдастырылған қайырымдылық кештің ерекшелігі – мүмкіндігі шектеулі балалардың қойылымдарға қатысуы.

Елена Колмогорова – “АДОН-Север” ҚБ төрайымы:

– Біздің қоғамдық бірлестігіміз мүмкіндігі шектеулі балаларға мерекелік шараны жыл сайын ұйымдастырып тұрады. Бүгін балалар қойылымдарға қатысып, ертегілердің кейіпкерлері атанды. Қазір орталықта 68 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Әрбіріне жеке әлеуметтік оқытушы бекітілген.

Владимир Гришин психикалық даму кідірісі дертіне шалдыққан. Десе де, мойымай, ел қатарлы өмір сүру үшін барын салуда. Үйде отырмай, түрлі үйірмелерге қатысып отырады. Бүгінгі қойылымда аққала болып, өзінен кіші балаларды қуантпақ.

Владимир Гришин:

– Біз театр, ән және би үйірмелеріне қатысамыз. Әртүрлі қойылымдар қоямыз. Маған өте ұнайды. Бүгінгі спектакльде мейірімді, кеңпейілді аққала болдым.

Гуля Хасьенова да бүгінгі шараға шақырту алған қонақтардың бірі. Ұлы Дамир туғанынан церебралдық паралич дертіне шалдыққан. 18-ге келген ол, колледжде оқып жатыр. Меңгеріп жатқан мамандығы – тігінші. Жаңажылдық мерекеге олар жыл сайын қонақ ретінде шақырылады.

Гуля Хасьенова – Дамирдің анасы:

– Осындай шараларға жиі шақырып тұрады. Ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін.

“АДОН-Север” қоғамдық бірлестігіне қаржылай көмек көрсетіп отыратындардың қатарында Ерғали Жұмағұлов та бар. Демеушілердің жәрдемі балаларға арналған осындай мерекелерді ұйымдастыруда маңызды.

Ерғали Жұмағұлов – меценат:

– “АДОН-Север” қоғамдық бірлестігімен 5 жылдан артық жұмыс істеп келеміз. Ең бір есте қалған шара – “Северное сияние” фестивалі. Бұл байқау республикалық деңгейде өтті. Онда мүмкіндігі шектеулі балалар да қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Осындай балаларға қолдау көрсетуді парызым деп санаймын.

Мерекелік кеш соңында қатысушылар мен қонақтарға тәтті сыйлықтар тарту етілді. Жалпы бұл шараға 100-ден астам жерлесіміз қатысты.

 

Молдир Макишева