Денсаулық сақтау

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мерзімі 2020 жылға дейін шегерілді

Лариса Гордеева – “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ СҚОФ директоры:

– Жұмыс берушілер қарамағындағы еңбеккерлердің жалақысынан 1,5 пайыз көлемінде жарна төлеуді жалғастыра беретін болады. Өзіне-өзі жұмыс істейтін жеке тұлғалар және кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының иелері өздері үшін жарна төлеуден 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін босатылды. Ал жалдамалы жұмысшылары болса, олар үшін жарна салуды жалғастыруға міндетті.

Тағы, кыркүйектің 15-і мен қарашаның 15-і аралығында МӘМС қоры тарапынан азаматтарды емханаларға тіркеу шаралары жүргізілген болатын. Оның аясында әр қазақстандық көңілі қалаған емханаға қайта тіркелу мүмкіндігіне ие болған еді. Алайда емхана таңдауға ниет білдірген солтүстікқазақстандықтардың саны көп болмаған сыңайлы.

Лариса Гордеева – “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ СҚОФ директоры:

– Кампания барысында емхананы таңдау құқығын 1080 облыс тұрғыны пайдаланды. Құқығын пайдаланбағандар бұған дейін тіркелген емханада қалады немесе мекен-жайы бойынша бекітілген емханаға тіркеледі. Жалпы бүгінде денсаулық сақтау ұйымдарына тіркелген солтүстікқазақстандықтардың саны 580 мыңға тең.

Бүгінде қазақстандық 1600 денсаулық сақтау ұйымы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында ел халқына қызмет көрсетуге ниет білдірген. Облыс бойынша мұндай медициналық мекемелердің саны 58. Олардың 45%-ы жеке меншік клиникалар. Бұл тізім әлі де толығады. Сақтандыруды енгізу мерзімі шегерілсе де, әр азамат мемлекеттік болсын, жеке меншік болсын емханаға барып, кепілді медициналық қызмет алуға құқылы. Бүгінде мекеме жұмысына баға беру де мүмкін болып отыр.

Мұрат Жакенов – “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ СҚОФ бөлім жетекшісі:

– Медициналық сақтандыру қоры «ФМС: Народный контроль» қосымшасын жасап шығарды. Оның көмегімен пациенттер дерекқорға кіретін облыстағы 6 денсаулық сақтау мекемесінің жұмысына баға бере алады. Азаматтар пікіріне сәйкес біз емханалардың жұмысына сараптама жасап, рейтинг жүргіземіз.

Пациент кезекте тұрып қанша уақыт жоғалтты, көрсетілген қызметтің сапасы қандай және ем-дом шаралары нәтижесін берді ме? енді әр азамат бұл ақпаратты қосымшаға енгізіп, мекемелердің жұмысын жақсарта алады. Қосымшаны Play Market және APP Store арқылы жүктеуге болады.

 

Саят Ермек