Аптадағы маңызды жаңалықтар

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі

Асқар Бегманов – М. Жұмабаев ауданының әкімі:

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Ноғайбай» ЖШС жұмысшыларына жаңа тұрғын үйлер салды. Серіктестіктің көмегімен басқа да үлкен жұмыстар тындырылуда. Оның бірі Қарақоға-Ноғайбай ауылы араларындағы 8 шақырым жол жөнделді. Су торабының құрылысы жүргізілді.

Көшелерге жарық тартылып, таза ауыз су әр үйге жеткізілген екен. Тағы былтыр ауылда үлкен көпфункционалды демалыс орталығы ашылған. Ал биыл үйлердің құрылысына «Ноғайбай» серіктестігі 36 млн теңге қаржы жұмсаған.

Алтынбек Сапаров – «Ноғайбай» ЖШС директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– Бүгін елімізде үлкен өзгерістер болып жатыр. Елу жылда ел жаңа дейді. Сондықтан еліміз жаңарып, 5 үй салынып, 2016 жылы демалыс үйі, тағы баспаналар салынған. Келер жылы да жалғасы болады.

Кейін баспана кілттері ауыл тұрғындарына салтанатты түрде табысталды. Жаңа үйге ие болғандардың бірі – Назаровтар отбасы. 9 баланы тәрбиелеп өсірген Марат Малғаждарұлы мен Мақпуза Жексенбіқызы бүгіндері 15 немере, 1 шөбере сүйіп отыр. Отағасы осы ауылда 42 жыл еңбек еткен екен. Қазір денсаулығы сыр берсе де, қартайған шақта 4 бөлмелі пәтерге кірген жанұя қуанышын жасыра алар емес.

Мақпуза Назарова – Ноғайбай ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Бүгін міне, қуанышты күн. Отағасы 42 жыл еңбек етті. Осы жердің тумасы. Еңбек ардагері. Бала- шағамызбен өмір сүріп жатырмыз. Жаңа үй беріп жатыр. Рахметімді айтамын.Үлкені деп сыйлап.

Жаңа жылды жаңа баспанада Қалымбек Нәби де қарсы алмақ. Жас маман ауылдағы мәдениет үйінің меңгерушісі.

Қалымбек Нәби – Ноғайбай ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Көкшетаудағы Ақан сері атындағы колледжді бітірп келдім. Бүгін баспаналы болып отырмын. Қуаныштымын. Өзіме осы Ноғайбай ауылы қатты ұнайды. Барлық жағдай жасалынған. Бұрын үй болмай анда-сында жүрсек, енді міне баспаналы болып жатырмыз. Өте қуаныштымыз.

Жаңа үйде қонақтарын Рақыш Қыдырмина да қарсы алуда. Оның баспанасын биыл көктемде су басыпты. Содан оны қалыпқа келтіргенше, агроқұрылым жаңа баспана салуға шешім шығарған.

Рақыш Қыдырмина – Ноғайбай ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Кісі жүретін болмады. Көп басты су. Жүретін болмады. Біз бара алмадық та. Қалды бәрі сонда. Трактор да жүрмеді. Қазір о жақты мұз басып жатыр. Қамыс шықты. Қызымның үйі бар да сол жерде болдық. Қуанышымыз қойнымызға сыймай отыр.

Бұдан бөлек, жаңа үйге Жамбыл облысынан көшіп келген екі отбасы да ие болды. Жалпы бүгіндері шекара түбіндегі Ноғайбай ауылында 130 адам тұрып жатыр. Келер жылы кәсіпкер ауылға фелдшердік-акушерлік пункт салмақшы. Бала саны жетіп жатса, мектеп тұрғызу да ойда бар. Әзірге мұндағы бар оқушы Қарақоға мектебінде оқып жүр. Сондықтан, балалардың келіп-тұруына ыңғайлы болу үшін автобус алынатын болды.

 

Магжан Ахмадина