Қоғам

ҚР ҰҰ ардагері, отставкадағы полковник Сәбит Ахметов 70 жасқа толды

Евгений Глотов – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Сіз көп жылдан бері әскенри салада еңбек етіп, осы жолда көп биік белестерден көріндіңіз. Сіздің еңбек жолыңыз өмірге деген белсенді көзқарас үлгісі!

Қостанай өңірінің тумасы Сәбит Қамитұлы қарулы күштерде 1966 жылдан бері қызмет етеді. Өмірінің 35 жылын Отан қорғауға арнаған азамат қатардағы жауынгерден әскери институт бастығына дейін қызметтің барлық сатысынан өтіпті. Әскери сала – оңай емес дейді ол, десе де машақаты мол бұл кәсіпті таңдағанына еш өкінген емес.

Сәбит Ахметов – ҚР ҰҰ әскери институты ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник:

– Қызметімнің бір де бір минутында мамандығымды дұрыс таңдағаныма күмән келтірген емеспін. Өкінсем ғұмырымның жартысын Отан қорғауға арнамас едім. Қатардағы жауынгерден полковникке дейін өсу кез-келгеннің қолынан келе бермейді ғой. Сондықтан қызмет жолымды мақтан тұтамын. Мерейтойымды осындай ауқымда атап өтуге ат салысқандарға алғысым шексіз.

Мерейтой иесінің жанында құдай қосқан қосағы, жұбайы Қарлығаш Ахметова отыр. Зейнет жасына дейін нәзік жанды ҚР жоғарғы сотының мүшесі болып қызмет атқарған екен. Биыл олардың отау құрғандарына 45 жыл толыпты.

Қарлығаш Ахметова – С.Ахметованың жұбайы:

– Офицердің әйелі болу оңай емес. Біз әрқашан көшіп-қонып жүрдік. Екі қызымыз бар, екеуі де ғылым кандидаттары. Оларды әкесі тәрбиеледі.

Сәбит Ахметов мінсіз қызметі үшін түрлі жылдары 14 мемлекеттік наградамен марапатталыпты. Жиын барысында бұл марапаттардың саны толыға түсті. Отан қорғаушыға “еңбек ері” атағы мен С.Нұрмағамбетов атындағы медаль табысталды.

Салтанатты шараға полковниктің бұрынғы әріптестері мен қызметтес жолдастары да келген. Олар Сәбит Ахметовпен Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштерін құруда қоян-қолтық еңбек етіпті.

Дәулет Салқанов – ҚР ҰҰ ардагері, генерал-майор:

– Біз ішкі әскерлер саласында көп жылдар бірге қызмет еттік. Ол жақсы адам, керемет офицер, отбасын жақсы көреді.

Салтанат Әскери институт курсанттары және қала өнерпаздары дайындаған концертпен жалғасты.

 

Саят Ермек