МТРА жаңалықтары

Биыл “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ 500 салымшысы баспаналы болды

Анастасия Митянина – “Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ салымшысы:

– Несие сомасы қалта көтерлік. Биыл жолдасым екеуіміз банктен екінші шот аштық. Ай сайын 36 мың теңге төлеп жатырмыз. Мемлекеттен сыйлықақы алуға үміттіміз. Банкке деген күмәнім сейіліп, сенімім арта түсті. Осы қаржы институты арқылы жеке баспанаға қол жеткізу қиын емес. Бастысы ай сайын үзбей төлем жасап тұру қажет.

Желтоқсанның 29-ына дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы атануға асыққан жөн. Шоттарына 453 800 теңге салғандар келесі жылы 90 760 теңге мөлшерінде сыйақы алады. Осы орайда солтүстікқазақстандық жанұялар “Отбасылық пакет” бағдарламасын пайдалана алады.

Райхан Әбдірахманова – “Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ директоры:

– Банктің “Отбасылық пакет” деп аталатын өнімі бар. Аталмыш бағдарлама аясында жанұядағы 4 адам өздеріне жеке депозит ашып, әрбіреуі айына 15 мың теңгеден жарна аударып тұрады. Жыл соңында олардың шотына жалпы сомасы 144 мың теңге мемлекеттік сыйлықақы түседі. Еліміздің кез-келген тұрғыны желтоқсанның 29-ына дейін шот ашып, мемлекеттен 20 пайыздық сыйлықақы ала алады. Санаулы күндер қалды. Депозит ашып, мемлекет жеңілдігін иеленуге асығыңыз.

Келесі жылдан бастап әскери қызметкерлер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің желісі арқылы алдын ала жарнасыз жеке баспаналарына қол жеткізе алады. Олар үшін бөлек бағдарлама іске қосылмақшы.

Райхан Әбдірахманова – “Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ директоры:

– 2018 жылы Банк “Әскерилер үшін” өнімін іске қосады. Осы ретте айта кетейін мемлекеттен жалдамалы баспана ақысын алатындардың тізіміне жаңа органдар қосылды. Атап айтқанда, келер жылдан бастап Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Мемлекеттік күзет қызметі, Қорғаныс министрлігі, Сыртқы барлау қызметі, Ұлттық гвардия, Бас әскери прокуратурасының мамандары банктен алдын ала жарнасыз заем алады.

Депозит ашу үшін банк кеңсесіне барып жатудың қажеті жоқ. Жұмыс орнына, үйге банктің штаттан тыс консультанттарын шақыртуға болады. Технология дамыған заманда салымшылар депозиттерін кассадан бөлек, альтеративті каналдар арқылы толықтырып отыра алады. Мәселен, Киви, каспий мобилдік қосымшалары, е.гов үкіметтік порталы және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің сайты арқылы төлем
жасау мүмкіндігі қарастырылған.

Берік Қасен