Спорт

Жасөспірімдердің ІІ республикалық қысқы ауыл ойындары СҚО-да өтеді

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Республикалық ойындарға аудандық, кейін облыстық кезеңдерде топ жарған әуесқой спортшылар қатысады. Қойылатын басты талап – жасөспірім кем дегенде бір жыл бұрын ауылда тіркеліп, сонда тұруы тиіс. Турнирдің ашылу салтанаты желтоқсанның 25-і А.Винокуров атындағы спорт сарайында өтеді.

Алғашқы республикалық қысқы ауыл ойындары осыдан 4 жыл бұрын Ақмола облысында өткен екен. Мұнда Теріскейлік құрама командалық есепте екінші орынды иеленіті. Биылғы жарыста Солтүстіктің намысын 90-нан аса жеткіншек қорғамақ.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Хоккей ойындары спорт сарайында, конькимен жүгіру “Қарасай” стадионында, ал президенттік көпсайыс пен спорттық бағдарлау Борки кенті және Мещан орманында өтеді.

Брифинг барысында Руслан Есеналин жерлес спортшылардың олимпиада ойындарына дайындығы жайлы да айтты. Келер жылдың 25 ақпанында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында төртжылдықтың басты додасы бастау алмақ. Теріскейден әзірге бір ғана спортшы олимпиада лицензиясын жеңіп алған екен.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Лицензияны әзірге теріскейлік конькимен жүгіруші Роман Креч жеңіп алды. Ал тағы бір жерлес конькимен жүгіруші Дмитрий Бабенко және шаңғышы Ринат Мухин әлі лицензия үшін күресуде. Басты үміттеріміз осы спортшылар. Паралимпидашыларымыз жарады. Әзірге Қазақстанға тиесілі 6 паралимпиадалық лицензияның 3-уі солтүстіктің спортшыларына тиесілі Олар Сергей Усольцев, Кайрат Канафин және Сергей Герлиц.

Соңғы жылдары өңірде спорт саласын дамытуға жіті көңіл бөлінуде. Бүгінде облыс тұрғындарының игілігіне 2854 спорт нысаны жұмыс істейді. Тұрақты түрде спортпен айналысатын теріскейліктердің саны 170 мыңнан асады екен. Бұл облыс халқының 30 пайызын құрайды.

 

Саят Ермек