МТРА жаңалықтары

“Есіл” өңірлік даму орталығы” ЖШС өтіп бара жатқан жылға қорытынды жасады

Бүгінде бұл серіктестік облысқа инвесторлар тартып, жергілікті кәсіпорындар мен ұйымдарға кешенді әрі жан-жақты қолдау көрсетеді. Тағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобаларға жетекшілік етеді. Айта кетейік, 2017 жылы аталмыш бағдарлама аясында қалада үш бірдей нысан бой көтерген.

Руслан Шарипов – “Есіл” өңірлік даму орталығы” ЖШС директоры:


– Орман ықшам ауданында 140 орындық балабақша салынды. Ол желтоқсанның 15-і күні қолданысқа тапсырылды. Одан ертерек Жәлел Қизатов көшесінде 90 орынға шақталған балабақша да халық игілігіне берілген болатын. Ал, жақын арада су жаңа теннис корты салынып бітпек. Мұнда 4 жабық және 3 ашық теннис алаңдары жұмыс жасамақ. Мұның бәрі біздің кәсіпорынның жіті бақылауымен жүзеге асырылуда.

2018 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Петропавлда екі бірдей медициналық нысан салынбақ. Бүгінде тиісті келісім шарттарға қол қойылып, құжаттар рәсімделуде. Онымен қоса, қазіргі таңда “Смарт Сити” жобасы жасалуда. Ол да келер жылы жүзеге асырылады.

Руслан Шарипов – “Есіл” өңірлік даму орталығы” ЖШС директоры:


–  Бұл жоба заманауи сандық технологиялардың көмегімен шаһар инфрақұрылымын тұрғындарға ыңғайлы етуді көздейді. Жоба төңірегінде қалада ақылды бағдаршамдар және басқа да игіліктер пайда болады. Тағы ақылды мемлекеттік басқару жүйесі енгізілмек.

Айта кетейік, “Есіл” өңірлік даму орталығының қолдауымен жуырда Ресейдің Омбы қаласында “Қазмаркет” дүкендер желісі ашылған болатын. Бүгінде солтүстікқазақстандық өндірушілердің тауарлары қойылған екі бірдей дүкен көрші мемлекетте өз тұтынушыларын тауып үлгерген. Сауда павильондары ашылғаннан соң бір аптаның ішінде болжамнан бірнеше есе артық табыс түсіпті. Омбылықтарды теріскейлік тауарлардың табиғилығы, балғындығы мен дәмділігі қызықтырса керек.

Евгени Бойцов – “Қазмаркет” ЖШҚ директоры, Омбы қаласы, РФ:

 


– Біздің дүкендерге сүтті жергілікті “Молсоюз”, етті “Казмясопродукт” серіктестіктері жеткізеді. Онымен қоса Петропавлда шығарылған ет консервілері, май өнімдері, жартылай дайын фабрикаттар омбылықтар арасында үлкен сұранысқа ие.

2018 жылдың тек бірінші тоқсанында ғана Омбы қаласында тағы 6-7 “ҚазМаркет” дүкендерін салу көзделіп отыр. Сонымен қатар, теріскейлік тауарлар ұсынылатын сауда павильондарын Түмен қаласында да ашу жоспарда бар екен. Қазір қажетті орындар таңдалып, қондырғылар сатылып алуда.

Саят Ермек