Білім

Петропавл өнер колледжіне – 60 жыл

Мұнда келушілерді оркестр қарсы алуда. Ал, одан әрі көрме жайғасқан. Бұл жерде оқу ордасының студенттері мен түлектері салған керемет картиналарды тамашалауға болады. Көп кешікпей салтанатты шара да басталды. Жиында білім ұясының ұжымы мен залға жиналғандарды мерейлі датамен облыс әкімінің атынан орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтады.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:


–  Колледжден 20 мыңнан аса түлек үлкен өмірге қанат қағыпты. Сол жандардың арасында әлемдік сахнада өнер көрсетіп жүргендері де бар.

Шынымен де Петропавл өнер колледжі талантты түлектерімен танымал. Бұл ретте сол дарынды жандарды даярлап шығарған ұстаздардың еңбегі ұшан-теңіз. Бүгінгі кеште талай жыл тер төгіп, қажырлы қызмет атқарған жандарға өңір жетекшісінің құрмет грамотасы мен алғыс хаты табысталды. Бірқатарына мемлекеттік наградалар берілді.

Облыс әкімінің құрмет грамотасын Қайырлы Ғафуров та алды. Азамат қазіргі таңда Петропавл өнер колледжінің халық аспаптар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Ол талай жылдардан бері студенттерге домбыра мен қобызда ойнаудың қыр-сырын үйретіп жүр.

Қайырлы Ғафуров – Петропавл өнер колледжінің бөлім меңгерушісі, ҚР мәдениет қайраткері:

– 18 жылғы еңбегім еленіп марапатқа ие болдым. Бұған өте қуаныштымын.

Салтанатты жиында жақын арада білім ұясына әйгілі опера әншісі, жерлесіміз Ермек Серкебаевтің атын беру жайы айтылды. Бұл жаңашылдыққа теріскейліктерді коллеждің 60 жылдық мерейтойымен арнайы құттықтай келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмилә Серкебаева қуанышты екендігін жасырмады.

Жәмилә Серкебаева – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
–  Сіздер, Ермек Серкебаевті ұмытқан жоқсыздар, оны құрметтейсіздер. Осы үшін үлкен алғысымды білдіремін. Ағамның аты өнер колледжіне берілмек. Бұл – біздің әулет үшін қуанышты жаңалық. Дарынды қазақ ұлының атындағы білім ордасы оның туған жерінде болғаны көңіліме мақтанарлық сезім ұялатады.

Салтанатты шара соңы концертке ұласты. Сахнада білім ұясының студенттерімен қатар түлектері де өнер көрсетті.

Бахытгүл Әубәкірова – Петропавл өнер колледжінің түлегі:


– Колледжді осы жылы тәмамдадым. Сосын Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетіне оқуға түстім. Қазір академиялық вокал мамандығы бойынша білім алып жатырмын.

Жалпы, қазіргі таңда Петропавл өнер колледжінде 200-ге жуық студент оқиды. Олар 12 мамандық бойынша білім алуда.

 

Байболат Бектемірұлы