Қоғам

Өңірдегі қарияларға көмек көрсетілуде

Бүгін мұнда облыстық “Жас Отан” жастар қанатының ұл-қыздары келіп отыр. Олар жерлесімізді алдағы Жаңа жылмен құттықтап, азық-түлік пен тұрмыстық тауарларға толы әлеуметтік пакетті сыйға тартты.

91 жастағы Любовь Кравченко жалғыз тұрады. Қазіргі күні кейуананың денсаулығы нашар. Үй ішінде қиындықпен жүреді. Сол себепті жерлесімізге үнемі көмек қажет. Осыны ескерген жасотандық Ақерке Битан әжейдің баспанасын жинап берді. Бұған қарт дән риза.

Любовь Кравченко – еңбек ардагері:


–  Мен қуаныштымын. Жастар ұмытпай маған көмектесіп жатыр. Әкелген сыйлықтары да бар. Көңілім бір көтеріліп қалды. Үйімді де жинап берді. Барлығы үшін рахмет!

Ал, осы сәтте ұлдар далада еңбектенуде. Жастар шашылып жатқан кірпіштерді үйді. Маңайдың қарын күреді. Айта кетейік, бұл игі көмек “Ардагерлерді ардақтайық” жобасы аясында жасалып отыр.

Абылайхан Қайроллаев – “Жас Отан” ЖҚ СҚОФ төрағасы:


–  Бұл ісімізбен ардагерлерді мереке алдында қуантқымыз келеді. Акция 31-ші желтоқсанға дейін жалғаспақ. Шара аясында қаламыздағы 10 қартқа көмек көрсетеміз.

“Ардагерлерді ардақтайық” жобасы аясында өңір аудандарындағы қарттар да назардар тыс қалмайды. Жалпы, қайырымдылық шарасы аясында 100-ден аса жерлесімізге көмек көрсетілмек.

Байболат  Култанов