Қоғам

Жерлес батыр Әйіп Рамазановтың денесі араға 75 жыл салып туған жер қойнауына тапсырылды

Бұл солдат 1942 жылы Украина жерлерін неміс басқыншыларынан қорғау жолында ерлікпен қаза тауыпты. Туған-туыстары осы уақытқа дейін Отан қорғауға аттанған батыр бабасының қай жерде жерленгенінен хабарсыз болған. Жауынгердің сүйегін Украинаның қауіпсіздік қызметі академиясының курсанттары экспедициялардың бірінде тауып алған.

Самат Ордабаев – Қазақстан Республикасының Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Украина әкімшілігіне Қазақстан халқының атынан айтар алғысым шексіз. Бұл акция тарихымызды ұмытпай, отан үшін от кешкен батырларымызқа лайықты құрмет көрсетуге мүмкіндік береді. Әйіп Рамазановтың сүйегін Қазақстанға табыстау бойынша екі жақты келісім жасалды, барлық ұйымдастыру мәселелері өз шешімін тапты. Батырымыздың жаны туған өлкесінде жай табатын болады.

Ештен кеш жақсы. 75 жыл өткеннен соң кіші сержант Әйіп Рамазановтың сүйегі туған ауылы – Ленин селосына оралды. Батырды еске алып, жерлеу салтанатына оның туғандары мен ауыл тұрғындары жиналды.

Қайрат Ысқақов – СҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары:

– 2017 жылдың 21 қазанында Украина мемлекетіндегі Березань қаласының маңында жүргізілген іздеу жұмыстарының нәтижесінде соғыс жылдары қаза тапқан 2 қызыл әскер жауынгерінің сүйектері табылды. Мойындағы медальонда жазылған ақпарат бойынша олардың біреуі қазақ солдаты Әйіп Рамазанов екені анықталды. Бүгін бұл жауынгердің денесі туған жеріне әкелінді.

Батыр жерлесіміз 1917 жылы туған. 25 жасында Ұлы Отан соғысына аттаныпты. Артында әкесі Рамазан, анасы Зәуре және бауырлары қалады. Олар майдан шебіне кеткен туғанының қандай тағдыр кешкенін білмей, өмірден өткен. Шаңырақ құрып үлгермей, майдан құрбаны болған Әйіп Рамазановтан ұрпақ қалмапты. Сондықтан бүгінгі жиынға жауынгердің көзі тірі жақындары ғана келді. Солардың бірі – немере қарындасы Күлбаршын Қамыспаева. Күлбаршын апай мен Әйіп Рамазановтың әкелері – туған бауырлар.

Күлбаршын Қамыспаева – Ә.Рамазановтың немере қарындасы:

– Мені Әйіп Рамазановтың қызы деуге де болады. Ағам табылмайынша ұйқы мен күлкі көрмедік. Жатқан жерін таба алмай жақындары өмірден өтті. Ол Преснов ауданында есепші болып қызмет істеген еді.

Бұл митингке облыстық ішкі істер департаментінің офицерлері, ҚР Ұлттық ұланы әскери институтының курсанттары да ат салысты. Олар соғыс құрбандарының рухына тағзым етіп, ауылдық мемориалға гүл шоқтарын қойды. Жиналғандар да Отан қорғау жолында мерт болған жауынгерлерді еске алды. Соғыс жылдары Орман деп аталған қазіргі Ленин селосынан Ұлы Отан соғысына 95 азамат аттаныпты. Олардың 61-і аман оралған. Ал ерлікпен қаза тапқандардың бірі батыр Әйіп Рамазановтың мәйітін жерлестері оркестрдің сүйемелімен ауылдық зиратқа әкетті. Мұнда мұсылмадық салт-дәстүрлер мен ғұрыптар бойынша аруланған жауынгердің жамбасы жерге тиді.

Саят Ермек – тілші:


– Жалпы Қазақстаннан Ұлы Отан соғысына 1 млн 200 мыңға жуық азамат аттанған. Олардың 300 мыңы Украинаны азат ету жолында қаза тауыпты.

Саят Ермек