Құқық қорғау органдары

Тәуелсіздік күні облыс полицейлері “26 игі іс” акциясын өткізді

Тәуелсіздік күні аясында алдымен жылдам қимылдайтын арнайы жасақ өкілдері жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының тәрбиеленушілерімен кездесті. Балалар мен полицейлер бірге шай ішіп, әңгіме дүкен құрды. Ал облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Думан Таев кішкентай қонақтардың әрқайсысына базарлық таратты. Кейін тәртіп сақшылары мен балалар әскери-спорттық эстафетада бақ сынасып, футбол ойнады.

Азамат Төлегенов – СҚО ІІД жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың инспектор-психологы:

– Тәуелсіздік күніне орай “Достық” отбасымен спорттық ойындар ойнап, бір сергіп қалдық. Жеткіншектердің жүздері жадыраған. Бұл бізді қуантады. Іс-шаралардан соң оларға шағын сыйлықтар табыстадық.

Мәз-мейрам болған мектеп-интернат тәрбиеленушілері жасақ мамандарына алғыстарын жеткізді.

Анатолий Чекулов – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының тәрбиеленушісі:


– Біз полицейлермен футбол ойнадық. Әсерімді жеткізе алмай тұрмын, бізге соншалықты ұнады. Ойын барысында жеңуге тырыстық, голдар соқтық, бірақ олар футболды тамаша ойнайды.

Ал ІІД жанындағы әйелдер кеңесінің мүшелері ҰОС ардагерлері мен зейнеткерлерге қонаққа барды. Нәзікжандылар қарттарды департамент басшылығының атынан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, оларға азық-түлік, киім-кешек және гүл шоқтарын сыйлады.

Әлия Қаскербаева – СҚО ІІД анықтау басқармасы бастығының орынбасары:


–  Облыстық ІІД басшылығы мен Әйелдер кеңесінің атынан қарттарымызды еліміздің ең маңызды мерекесімен құттықтадық. Олардың ерен еңбектері мен төккен терлері полиция қызметкерлері үшін үлгі болып табылады.

Десе де, бұл да соңы емес. Жергілікті тәртіп сақшылары жуырда қызыл жалынның кесірінен панасыз қалған Ярковтар отбасына барып, көмек ретінде отын мен көмір алып берді. Мамандарға алғыстан жауын жаударған төрт баланың анасы бұндай жәрдем үшін қуанышын жасыра алмады. Сонымен қатар, желтоқсандық мерекелер аясында облыстық ІІД қызметкерлері өздеріне белгіленген зейнеткерлер мен ардагерлерді құттықтады.

Саят Ермек