Қоғам

2018 жылы өңірімізде тұңғыш рет іскер әйелдердің байқауы өтеді

Өзгенің жақсысын үйрене жүріп, ұлттық нақыштағы киім үлгілерін әлем елдеріне таныстырып жүр. Бір сөзбен айтқанда, “Қазақ” атын шетелде шығарып жүрген қандастарымыздың бірі. Биыл ол отандастарының арасында “BusinessLadyQazaqstan” коммерциялық жобасын жүзеге асырмақшы.

Сәуле Қайсар – “BusinessLadyQazaqstan” коммерциялық жобасының ұйымдастырушысы:

– Мен Қызылжар өңірінің тумасымын. Сондықтан “BusinessLadyQazaqstan” байқауын кіндік қаным тамған жерден бастауды жөн санадым. Конкурсқа қатысатындардың жас ерекшелігіне шектеу қойылмайды. Үміткерлер “Әйелдің бизнестегі рөлі” тақырыбында эссе жазып, электрондық мекенжайымызға жолдауы қажет. Бизнесі туралы анықтама қағазын сұратамыз. Байқауға қатысу жарнасы 100 мың теңгені құрайды.

Ұйымдастырушылардың сөзінше,”BusinessLadyQazaqstan” байқауы іскер келіншектерді ынталандырып, дөңгелеткен істерін одан әрі дамытуға септеседі. Аталмыш жобаға облыс әкімдігі және “Атамекен”ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдау көрсетпекші.

Диляра Сабырова – “BusinessLadyQazaqstan” байқауының үйлестірушісі:


– Мүмкіндігінше көп жұмыс орындарын ашқан, мемлекетке салықты кешіктірмей төлейтін, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары келіншектерді таңдаймыз. Олар үшін Астанадан арнайы тәлімгерлерді шақыртамыз. Мамандар үміткерлерге өзін-өзі аудиторияда ұстау, серіктесімен келіссөздер жүргізу, жақсы киініп, сәнденуді үйретеді. Ауқымды шараға отандық сәнгерлер, визажистер, дизайнерлер атсалысады.

“BusinessLadyQazaqstan” конкурсы облыс орталығында қаңтардың 27-сі өтеді деп жоспарлануда. Кейін еліміздің басқа өңірлерінде ұйымдастырылмақ.

Сәуле Қайсар – “BusinessLadyQazaqstan” коммерциялық жобасының ұйымдастырушысы:

– Біз келіншектер мақтау мен мадақтауға әбден лайықтымыз. Қысылып-қымтырылудың қажеті жоқ. Қоғамға неғұрлым ашық болсақ, соғұрлым ісіміз ілгері басады. Қазіргі таңда шетелдіктермен танысуға, олармен бірлесіп ортақ жоба құруға үлкен мүмкіндік берілуде. Өзге мемлекеттің азаматшалары да қазақстандықтармен әріптестік орнатуға ынтызар. Біз шетелдіктерден кем еместігімізді іс жүзінде дәлелдеуге тиістіміз.

Конкурс қорытындысы келесі жылдың тамыз айына шығарылады. Жеңіммпаздар табыстың кілтін тапқан бизнес-вумендердің дәрісін алу мүмкіндігіне ие болады.

Берік Қасен