Ауыл шаруашылығы

Тәуелсіздік күні Есіл ауданында 2 кәсіпорын ашылды

Дулат Қалитов – “Данияр Агро” ЖШС директоры, Есіл ауданы:

– Бұл жобаның құны 60 миллион теңге. Оның 40 миллионына қондырғы сатып алмақпыз. Қалғаны құрылыс жұмыстарына жұмсалды. Сүт өнімдерін жасап, оны облыс және ел бойынша сатамыз, сонымен қатар қымыз жасаймыз.

Мұндай цех ашу үшін қажетті қаражатты кәсіпкер екінші деңгейлі банктердің бірінен алған. 10 пайызы “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қорынан субсидияланады. Қондырғылар әкелініп, көктем келісімен бұл цехта тәулігіне 3 мың литр сүт өңделіп, 200 литр қымыз шығарылмақ. Сонымен қатар, бұл күні өткен жылы бала жетіспеушілігнен жабылған Жарғайың мектебінің ғимаратында “Атамекен” мәдени-бос уақыт өткізу орталығы ашылды. Бұған да кәсіпкер Дулат Қалитов қаржы құйыпты. Мұнда шамалы жөндеу жүргізіліп, концерт залы жасақталған.

Ал, көрші бөлмеде ауылдықтар енді дойбы, шахмат және үстел теннисін ойнай алады. Айта кетейік, Дулат Қалитов – нақ осы ауылдың тумасы. Қазір Алматы қаласында тұрып жатыр. Десе де, бүгінде туып-өскен ауылын көркейтуге сүбелі үлесін қосып жүр. Жоғарыда аталған нысандардан бөлек 2014 жылы елді мекенге мешіт салып берген. Тәуелсіздік күні Есіл ауданының орталығы Явленка селосында да жаңа кәсіпорын ашылды. Бұл – шиншилла өсіретін ферма. Бұл кеміргіштер көбіне Чили, Перу, Боливия мен Аргентинаны мекендейді. Алайда, экзотикалық жануарды үйде де өсіруге болады екен.

– Бір кеміргіштің салмағы 450 грамнан 800 грамға деін жетеді. Бұл шиншилла РФ Чебоксары қаласынан әкелінген, терісі өте бағалы. Сондықтан бұл бизнеспен аналысу тиімді.

Ферма Евгений Шмалькоға тиесілі. Жас кәсіпкер асыл тұқымды 50 шиншилла мен оларды өсіруге қажетті қондырғыларды сатып алу үшін “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы аясында 3 млн теңге грант ұтып алыпты. 300 мыңын өз қалтасынан шығарған. Кеміргіштерді Ресейден әкеліпті. Әрқайсысының бағасы – шамамен 7 мың рубль.

Евгений Шмалько – “Шмалько Е.С.” ЖК директоры, Есіл ауданы:

– Шиншилла өсіретін ферма ашу – тиімді бизнес. Кәсіптің бұл түрі Қазақстанда кең таралмаған. Бір ұрғашы кеміргіш жылына 2-3 рет ұрпақ әкеледі. Сондықтан, бірнеше жылдың ішінде фермам біршама кеңеймек. Жануралардың санын өсіріп қана қоймай, қара және ақ түсті шиншиллаларды сатып алуды көздеп отырмын. Бизнестің бұл түріне қызығушылық танытқандарға кеміргіштерді сатуға да дайынмын.

Евгений Шмальконың айтуынша, бір ішік жасау үшін 70 шиншилланың терісі керек екен. Енді алдағы бірнеше жылда кәсіпкер бұл жануарлардың санын біршама көбейтіп, оларды ішіктер жасатын ательелерге сатпақ. Жалпы, бүгінде Есіл ауданында 800-ден аса бизнес субъектісі бар. Олардың 500-і – жеке кәсіпкерлер. Кәсіп ашып, нәсіп табуды көздеген аудан тұрғындары мемлекет қолдауын барынша пайдалануда. Мәселен, жыл басынан бері Есіл ауданынында “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 10 кәсіпорын жұмысын бастапты.

 

Саят Ермек