Спорт

Петропавлда түнгі хоккей лигасы өз мәресіне жетті

Станислав Югов – “Қызылжар” ХК ойыншысы:

– Қарсыластарымыз өте мықты командалардың бірі. Араларында кезінде республика көлемінде нәтижелі ойын көрсеткендер де бар. Сондықтан, тактикалары ойластырылған. Бірақ, біз де жеңісті қолдан оңайлықпен бермеспіз.

Бір-біріне жақсы таныс командалар, қарсыластарының осал тұстарын табуға тырысуда. Хоккейшылар ойлағандарын іске асырып, таблодағы сандарды өзгерту үшін барын салып жатыр.

Жарыстың бас төрешісінің сөзінше, бүгінде өңірде хоккей жаңа деңгейге көтерілуде. Осыдан ондаған жылдар үздік үштікке еніп жүрген теріскейліктер бертіндері өз қарқының жоғалтқан болатын. Алайда, облыс орталығында Спорт сарайының ашылуымен, хоккей қайта жандана түсіпті. Енді, тек кәсіби спортшылар ғана емес, әуесқойлар да бұл нысанның игілігін көруде.

Борис Скатов – жарыстың бас төрешісі:

– Жалпы, қазір бұл спорт түрінің дамуы үшін өңірде барлық мүмкіндіктер жасалуда. 15-17 жыл бойы ол мүлдем дамымай, керісінше құлдырап кеткен болатын. Ал, бүгінде Петропавлдан бөлек, аудандарда да жабық хоккей корттары жұмыс істеуде. Бір-екі жыл ішінде республика бойынша, қайта үздік үштікке енеміз бе деп отырмыз.

9 команда мен 40 ойын. 3 айға созылған біріншілік өз мәресіне жетті. Үздік үштікті 2002 жылғы жасөспірімдерден тұратын “Құлагер” құрамасы тұйықтады. Атап өту қажет, жас хоккейшылар келесі жылы жастар хоккей лигасында өнер көрсетіп, теріскей өңірінің намысын қорғамақ. Күміс кубокты “Қызылжар” иеленсе, бас жүлде ойынды 5:2 есебімен аяқтаған “Авангард СК” командасына бұйырды.

Сергей Яковлев – “Авангард СК” ХК ойыншысы:

– Барлық хоккейшылар жақсы ойын көрсете білді. Қарсыластарымыз мықты болды. Бұл ретте қақпашымызды атап өтуге болады, талай жойқын шабуылдардан қорғап қала білді. Аздап бағымыз да жанды деуге болады. Десе де жеңіске жаттығулар мен сенімділіктің арқасында жеттік.

Жеңімпаздар келер жылдың сәуірінде республикалық жарыста бақ таластыратын болады.

 

Эльмира Садвокасова