Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда көптен күткен «Сity mall» cауда ойын-сауық кешені ашылды

Мұнда сауда жасаймын десеңіз дүкендер, киім аламын десеңіз брендік бутиктер, ал көңіл көтеруді қаласаңыз кинопарк пен дәмханалар бар. Тәуелсіздік мерекесінде ашылған орталыққа облыс әкімі Құмар Ақсақалов келіп, нысаның ішін аралады. Ең алдымен аймақ басшысы «Магнум» супермаркетіне кіріп, мұндағы азық-түлік бағасымен танысты. Айта кету керек, мұндағы көкөністер жергілікті жерде өсірілген. Сондықтан, олардың құны көтерілмеуі керек деді өңір жетекшісі.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Жаңа жыл қарсаңында баға осындай болып қалуы тиіс. Тауардың құнын өсіру деген болмасын. Көкөністер қоры өзімізде жеткілікті. Жергілікті өнім пайдалы әрі сапасы да жақсы. Сондықтан, бағаны ұстап тұрудың жағдайын жасаңыздар.

Облыс әкімі осындай заман талабына сай сауда орындарын көптеп ашу керектігін айтты.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Қаламызда осындай заманауи нысандар көптеп болғаны дұрыс. Бұл ең алдымен тұрғындар үшін ыңғайлы. Бұл жерде бірден сауда жасап, демалысыңды жақсы өткізуге болады. Келешекте тағы бір осындай нысанды іске қосу жоспарлануда.

Нысаның екінші қабатында брендтік киім кешектер бутиктері мен түрлі өндірістік тауарлар жайғастырылған дүкендер бар. Ал үшінші қабаты толығымен кішкентай солтүстікқазақстандықтарға арналған. Нақ осында үлкен балалар алаңы, батут, ондаған аттракциондар мен фуд-корт орналасқан. Мұнда келген облыс әкімі барша жиылған қауымды Тәуелсіздік күнімен және орталықтың ашылуымен құттықтады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Баршаңызды еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Мейрам қарсаңында өңірде 50-ден астам нысан қолданысқа берілді. Ол – ең біріншіден, өндіріс ошақтары, цехтар, баспаналар мен білім беру мекемелері, демалыс орталықтары және сауда орындары. Ал, мына ашылған ғимарат ерекше және қалалықтар, әсіресе, осы ауданның тұрғындары үшін орны айрықша болмақ. Нысан «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекетттік бағдарламасы аясында бой көтерді. Мұнда, сондай-ақ 2,7 млрд теңге инвестиция құйылды. Әзірге, 600 жұмыс орны құрылған. Алдағы уақытта оның саны 1000-ға жетпек.

Бұдан соң аймақ басшысы тұрмыстық техника саудайлайтын «Мечта» дүкеніне кіріп, ондағы жасалған жағдайлармен танысты. Мұнда мерекеге орай тұрғындар үшін жеңілдіктер ұсынылып жатыр екен. Яғни, алғаш келген 100 клиенттің бонустық картасына 3000 теңге аударылады.

Ерем Арутюнян – «Мечта маркет» ЖШС бас директоры:

– Дүкен жаңа, үлкен. Сондықтан, келушілер қатары да көп болады деп ойлаймын. Дүкенде 5 мыңнан астам тауар түрі бар. Тауар құнын шарықтатпай, жеңілдіктер жасап тұратын боламыз. Біздер түрлі брендтермен тікелей жұмыс жасаймыз.

Нысаның ашылуына келген тұрғындардың да қарасы қалың болды. Олар қаламызда осындай кешенің пайда болғанына қуанышты.

– Сити модлдың ішінде көптеген қызықты жерлер бар. Онда тамақтанатын, ойын алаңдар, киім сататын жерлер және де дәмханалар, кинозалдар бар. Бұның іші ерекше болып келеді. Маған қатты ұнады.

-Ұнады. Жаңа келдім. Бәрін аралап көрмесем де, үшінші этаждан екінші қабатқа түсіп келе жатырмын. Жақсы жасалған нәрсе. Тәуелсіздік күні құтты болсын.

– Қызмет көрсетуі өте жақсы. Қыздар сыпайы. Бағалары да өте қонымды. Таза, кең, жүруге де ыңғайлы. Көңілімне шықты.

Тағы мұнда 500 көлікке шақталған автотұрақ бар.

 

Магжан Ахмадина