Қоғам

Ақжар аудандық “Қазпошта” бөлімі жаңғыртылды

Акмарал Косатова – Ақжар ауданының тұрғыны:

– Менің 4 балам бар, көп балалалы анамын. жәрдемақымды алу үшін осында келемін. Бұрынғыдан қарағанда ісімді тиімдірек, тезірек аяқтап, үйіме барамын.

Аудандық бөлімнің залына жөндеу жұмыстары жасалған, жиһаз ауыстырылып, жарым жандар үшін пандус орнатылыпты. Операциялық залда азаматтар 4 терезенің біріне жүгіне алады. “Қазпошта” АҚ-ның авторлық жобасы – сәлемдемелер супермаркеті де жұмыс жасайды мұнда. Енді сәлем-сауқат жіберу немесе алу үрдісі басы артық қағазбастылықсыз, тек төлқұжаттың көмегімен жүргізіледі. Заңды тұлғалар үшін бөлек зал да ашылған. Оларға еңбеккерлерді медициналық сақтандыру, салық төлеу, несие алу секілді мәселелер бойынша сапалы қызмет көрсетіледі. Ардагерлер мен мүгедектер үшін де жеңілдіктер қарастырылған.

Жәнібек Байкишев – пошта байланысының Ақжар аудандық торабының жетекшісі:

– ҰОС ардагерлері мен барлық топтағы мүгедектерге кезексіз қызмет көрсетіледі. Ол үшін терминалда жеке сәйкестендіру нөмірін терсе болғаны. Онымен қоса, кез келген азамат кезекке тапсырыс бере алады. Яғни өзіне ыңғайлы уақытта келіп, қызмет алу мүмкіндігіне ие.

Айта кетейік, бұл үстіміздегі жылдың тамызында тәмамдалған жаңғыртудың бірінші сатысы ғана. Жыл соңына дейін мұнда өзге де шаруа тындырылып, жаңашылдықтар енгізіледі.

Жәнібек Байкишев – пошта байланысының Ақжар аудандық торабының жетекшісі:

– Жаңғыртудың екінші кезеңінде аудандық пошта бөлімін техникамен жарақтандырмақпыз. Камералар мен өрт хабарлағыш қондырғыларды орнату жоспарда бар. Жалпы бөлімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көңіл бөлудеміз.

Жуырда, мұнда аудандағы алғашқы валюта айырбасатау пункті де ашылған. Жалпы, жыл басынан бері Ақжар ауданындағы “Қазпошта” бөлімі азаматтарға 70 мыңнан аса қызмет көрсетіпті.

Саят Ермек