Өнеркәсіп

Зиксто зауытының болашаққа белгілеген жоспары ауқымды

Вагонды құрастыру оңай шаруа емес. Бәріне есеп керек. Әрбір бөлшектің көлемін өлшеп, оны біріне-бірін жалғау қажыр мен сабырлылықты талап етеді. Мұндағылар алдымен жоталы арқалықты әзірлейді. Мына білдекпен екі жағынан бұрғылап, 80 тесік жасайды.

Бұрғылау білдектерінің іске қосылғанына 1 ай болыпты. Операторлардың айтуынша, оның өнімділігі жоғары. Шаруаға екі есе аз уақыт жұмсалады.

Тимур Құдайбергенов – “ЗИКСТО” АҚ бұрғылау білдегінің операторы:

– Су жаңа білдек Ресейден алынды. Қолдануға ыңғайлы. 80 тесік жасау үшін бұрынғыдай 2,5 сағат емес, 1 сағат 40 минут жұмсалады. Қазір мен жоталы арқалықтың шеткі жақтарына тесіктер жасаудамын.

Осылайша, жүк вагонының жоталы арқалығы 160 жерінен тесіледі. Кейін сол саңылауларға темір ұсталары жуан шегені енгізеді. Олай етпес бұрын бұйымды индукциялық жылытқышта қыздырады. Қондырғының ескілеріне артықшылығы сол, шегені 20 секундтың ішінде 1 100 градусқа дейін қыздырады.

Темір ұсталары бұл шаруаны шамамен 40 минутта тындырады. Мамандардың сөзінше, жоталы арқалық вагонның негізгі бөлшегі болып саналады. Оған рамалар, жақтаулар бекітіледі. Бұдан бөлек цехта люк қақпақтары сынды өзге де бөлшек саймандар әзірленеді. Өткен жылдан бері “ЗИКСТО” зауыты негізгі серкітестері –
Қазақстан темір жол компаниясынан 2 есе көп тапсырыс алып келеді.

Олег Чудопал – “ЗИКСТО” АҚ бас директорының уақытша міндетін атқарушы:

– Былтыр келісім шарт бойынша 1 108 платформа жасалды. Алдағы екі жылға да жұмыс көлемі молынан. “Қазақстан темір жолы” компаниясынан 1 725 платформаға тапсырыс түсті. Оны 2019 жылдың соңына дейін құрастырып бітпекшіміз. Сондай-ақ, жартылай вагонның 1 200 данасы жасалады.

Кәсіпорынның өндіріс көлемі артуда. Соған байланысты зауыт әкімшілігі жұмысшылардың санын 700-ден мың жарымға дейін жеткізбекші. Ол үшін қазірден қажетті мамандарды тарту шаралары жүргізілуде.

Олег Чудопал – “ЗИКСТО” АҚ бас директорының уақытша міндетін атқарушы:

– Кәсіпорынға 300 дәнекерлеуші, 200-ге жуық металл бөлшектерін жинайтын темір ұстасы, 30 фрезерші, 50 токарь қажет. Қазіргі таңда осы бағытта әкімдіктермен бірлесіп жұмыс жасаудамыз. Ауылды жерлерден мамандарды шақыру жоспарымызда бар. Әзірше, кәсіпорында 730 адам еңбек етеді. Олардың орташа айлықтары 105 мың теңге. Келесі жылы жалақыны 150 мың теңгеге көтереміз.

Келешекте ЗИКСТО зауыты платформалар құрастыратын 18-ші цехта жаңғырту жұмыстарын жүргізбекші. Ол 40 шақты су жаңа қондырғымен жабдықталады. Кейін заман талабына сай жарақталған бұл цехта ай сайын 240 платформа құрастырылмақшы. Жалпы зауыттағылар өндірістік қуатылығын 100 пайызға арттырып, жыл сайын 2,5 -3 мың жүк вагонын, сонша платформаны жасап шығаруды жоспарлап қойыпты. Және жүк көтергіштік қабілеті жоғары жартылай вагондардың басқа да үлгілерін жаппай өндіріске енгізуді көздеп отыр.

Берік Қасен