Қоғам

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Петропавлда 140 орындық балабақша қолданысқа берілді

Гарик Бернецян – “Егоровские склады” ЖШС директоры:

– Облыс орталығында осымен үшінші балабақша тұрғыздым. Бұл жобалар Елбасы Н. Назарбаевтың бағдарламасы арқылы жүзеге асырылғанын атап өткен жөн. Кәсіпкерлікке қатысты барлық мәселелер қысқа мерзімде шешімін табады. Мен осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырмақ ниетім бар. Облыс әкімдігінен бизнесмендерге қолдау жақсы. Мектепке дейінгі білім беретін ғимараттарды салуға атсалысамын. Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын. Баршамызды елбасы бастамасын қолдап, мемлекеттік бағдарламалар мен рухани жаңғыру идеясын жүзеге асыруға шақырамын.

Жақында Қазақстанның 100 жаңа есімі жобасына кірген іскер жан тұрғызған ғимаратқа өңір басшысы бас сұқты. Құмар Ақсақаловпен бірге әлеуметтік маңызы бар ғимараттың ішін аудан әкімдері де аралап шықты. Мұнда 3-6 жас аралығындағы шаһардың кішкентай тұрғындары қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім алатын болады. Жаңа ғимаратқа бүлдіршіндер өз бағасын берді. Аға буын өкілдеріне алғыстарын айтып, ел сенімін ақтар азамат боламыз деді.

Жеке кәсіпкердің қаражатына салынғанымен, мұндағы 7 топтың барлығы бюджеттік. Демек, мекеме шығындарының бір бөлігін мемлекет көтереді. Нәтижесінде ата-аналардың қалтасына да салмақ түспейді. Жаңа нысанды тұрғызуға атсалысқан азаматтарға балғындардың туысқандары алғыстарын айтты. Үш баланың анасы Райхан Өксікбаева сүт кенжесін тәрбиешілерге тапсырып, өзі де жұмысқа шықпақшы.

Райхан Өксікбаева – ата-ана:

– Іші жарық әрі әдемі. Маған балабақша ұнады. Тәрбиешілер жақсы тәрбие береді деген үміттемін.

Қуанышты оқиғамен бүлдіршіндерді, олардың ата-аналары мен тәрбиешілерін облыс әкімі құттықтады. Құмар Ақсақалов өңірімізде балғындарды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткішінің 100 пайызға жеткенін зор қуанышпен жеткізді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Облыста осы күнге дейін мектепке мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 99,8 пайызды құраған болатын. Жаңа балабақша ашылғаннан кейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жетті. Біз Елбасы тапсырмасын мерзімінен бұрын орындап тастады.

Мектепке дейінгі мекеменің қолданысқа берілуі 48 жаңа жұмыс орнын да қамтамасыз етті. Көпжылдық тәжірибесі бар ұлағатты ұстаздар балабақшаның ұжымына табысты еңбек тіледі.

“Аққайың” балабақшасының маңайы бір сәтке мереке алаңына айналып кеткендей. Киіз үй тігілген. Жеке кәсіпкер Гарик Бернецян Тәуелсіздік мерекесіне тарту ретінде 1 шаршы метр болатын торт әзірлепті. Одан бөлек келушілерге шұңғыл қазаннан ыстық палау үлестірілді. Меймандар кәуаптан да ауыз тиді. Ал қаланың өнер ұжымдары ән-жырдан шашу шашты.

Берік Қасен