МТРА жаңалықтары

Тәуелсіздік күні қарсаңында өңірде тез дайындалатын тағам өндірісінің кешені ашылды

Зауыт су жаңа қытайлық қондырғылармен жабдықталған. Кәсіпорын енді сағатына 2 тонна кеспе шығаруға қауқарлы.Тауар тек жергілікті шикізаттан дайындалады. Қораптарға салынған мына өнімдер алдағы уақытта сауда орындарына жөнелтілмек. Атап өту қажет, тауар еліміздің барлық өңірлері мен Ресей Федерациясының Челябі, Қорған, Омбы мен Новосібір қалаларында сұранысқа ие.

Ирина Демидова – “Рим-КазАгро” ЖШС директоры:

– Жоба 2015 жылы жеке инвестиция мен банк займдері арқылы жүзеге асты. Мемлекеттен бизнестің жол картасы бағдарламасы аясында көмек көрсетілді. Жалпы инвестиция көлемі 1 млрд 100 млн теңгені құрайды.

“Рим-КазАгро” кәсіпорны “Радуга” ЖШС еншілесі. Алдағы уақытта бұл зауыт төңірегінде жеке индустриялық аймақ құрылады. Оған 14 жоба тартылмақ. Осылайша 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Бұл жобалардың ішінде маңызды нысандар бар. Олар 1,5 жыл ішінде тұрғызылмақ. Бұл мақсатқа 10 млрд теңгеде қаражат жұмсалады.

Радуга серіктестігінің алғашқы өнімдері нарыққа 25 жыл бұрын шыққан болатын. Алайда, ол тағам өнімдері емес, лак-бояу материалы болыпты.

Анатолий Шарапаев, “Радуга” ЖШС бірінші директоры:

– Ол кезде бұндай бояу материалдарын шығаратын өңірдегі жалғыз кәсіпорын болдық. Жылдар бойы компаниямыз өндірістің бірнеше түрімен айналысты. Мен компанияны бастапқы 5 жыл бойы басқардым. Серіктестігіміз жұмысын бастағанда, 10 адам болып еді, қазір 1000-нан астам теріскейлік еңбек етіп жүр.

Соңғы 3 жылда өңірде индустрияландыру бағдарламасы аясында 15 млрд теңгенің 25 жобасы жүзеге асырылып, 700 жаңа жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде, өнеркәсіп өндірісі 20 пайызға артып, 200 млрд теңгенің өнімі шығарылған.

Эльмира Садвокасова