Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстікқазақстандықтар Тәуелсіздік күнін дүркіретіп атап өтті

Тәуелсіздік тойын атап өтуге келген жерлестерімізді Александр Винокуров атындағы “Спорт сарайы” бар сән-салтанатымен қарсы алды. Кіреберісте еліміздің тарихынан сыр шертетін стендтер, картиналар мен кітаптар көрмесі орын тепкен. Оған қоса жерлестеріміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолы қойылған құжаттардың көшірмелерімен де таныса алды.

Кең залдан домбыраның әсем үні де естіледі. Салтанатты жиынға қатысушыларды ұлттық аспабымыздың құлағында ойнайтын бір топ өнерпаз қарсы алды. Көп кешікпей ҚР Тәуелсіздігінің 26 жылдығына арналған мерекелік шара да басталды. Жиналғандарды республикамыздың бас мейрамымен облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Құрметті жерлестер! Ерлікпен елдіктің арқасында келген Тәуелсіздігіміздің маңызы жыл өткен сайын арта түседі. Азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау асыл мұратымыз. Қасиетті мерекеде Тәуелсіздікті құрып, елдің ертеңі үшін үлес қосқан азаматтарға алғысымды білдіремін.

Иа, биыл тұғырлы Тәуелсіздігімізге 26 жыл толып отыр. Егемендік алып жеке дара ел болғалы толағай табысқа кенелдік. Президентіміздің салиқалы саясатының арқасында Қазақстанды әлем таныды. Бұл ретте теріскейліктердің де сіңірген еңбегі елеулі. Өңір тұрғындары қай салады болмасын тынымсыз тер төгіп, мемлекетіміздің дамуына сүбелі үлестерін қосып келеді. Сондықтан да жерлестерімізге қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Осы орайда, бүгінгі жиында бірқатар солтүстікқазақстандық мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Тимирязев ауданының әкімі Ербол Сағдиевке “Парасат” ордені табысталды. Биыл аталған ауданда біраз жұмыс атқарылыпты. Шаруалар орақ науқанын ерте аяқтаған. Өнім көлемі де жақсы. Алға қойған жоспарлар да айқын.

Ербол Сағдиев – Тимирязев ауданының әкімі:

– Инвестиция тарту бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Орақ науқанының біздің аудан бірінші аяқтады. Гектарына 21 центнерден өнім алдық.

Бұдан бөлек, бірқатар жанға “Құрмет”, III дәрежелі “Еңбек даңқы” ордендері табысталды. Бір топ солтүстікқазақстандық “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды. Мұндай құрметке СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметінің басшысы Ербол Құмарбекұлы бөленді. Биыл аталған ведомство 100-ден аса экомикалық қылмыстың бетін ашқан.

Ербол Құмарбекұлы – СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметінің басшысы:

– 2017 жылы 120 экономикалық қылмыс ашылды. Нәтижесінде 2 млрд теңгеге жуық қаржы мемлекет қазынасына қайтарылды. Осы көрсеткіш бойынша біздің өңір республикада 1-ші орынға ие болды.

Ал, “Шапағат” медалі М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры Ақмарал Ыбыраеваға берілді. Нәзік жанды 20 жылдан артық білім және ғылым саласында қызмет етіп келеді.

Ақмарал Ибраева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы:

– Бұл медалдың мені үшін мәні ерекше. Өйткені, осы медаль мемлекеттік марапат болып саналады. Құрметке бөленгеніме қуаныштымын.

Салтанатты жиын барысында тағы 10 жерлесізге ҚР Құрмет грамотасы табысталды. Шара соңы мерекелік концертке ұласты. Сахнада жергілікті әнші, бишілерден бөлек Жанар Дұғалова, Сон Паскаль сынды эстрада жұлдыздары да өнер көрсетті.

Елге танымал өнерпаздар теріскейліктерді ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығымен құттықтау үшін арнайы келіпті.

Сон Паскаль – әнші:

– Мен Италияндықпын, бірақ Қазақстанды тұрамын. Сол себепті мереке баршамызға ортақ. Мейраммен Қызылжар өңірінің тұрғындарын құттықтай келдім. Репертуарымда 15 қазақша ән бар. Олардың музыкасын өзім жазамын. Қазақша туындылар құлаққа жағымды естіледі.

Жалпы, облыс орталығында дүркіреп өткен мерекелік жиын 2 сағатқа созылды.

 

Култанов Байболат