Қоғам

Облысымызда”Армандар орындалады” қайырымдылық акциясы бастау алды

Рашбиль Евдаев – СҚО еврей мәдени орталығының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты:

– Балалар біздің болашағымыз. Жағдайы келіскен әрбір азамат мүмкіндігінше мұқтаждарға қол ұшын беріп тұруы тиіс. Жетімдерді жебеп, қиын жағдайда жандарынан табылу керек. Бұл біздің бірлігімізге сын.

Қайырымдылық акциясынан “Интерго” компаниясы шет қалмады. 10 жылдық тарихы бар серіктестік жыл сайын осы тектес шараларға қатысып тұрады екен.

Евгения Шарипова – “Интегро” ЖШС директоры:

– Былтыр Соколов арнайы мектеп-интернатының оқушыларына сыйлықтар алдық. Көбі коньки, шаңғы, доп сынды спорт инвентарларын және тәтті сыйлықтарды сұратты. Біз балғындардың тілектерін әрдайым орындауға тырысамыз.

Акцияны облыстық жастар ресурстық орталығы өткізуде. Ұйымдастырушылар 60 ұйымға хат жолдаған. Әзірше 8-і қайырымдылық акциясына қатысуға ниет танытыпты.

Роксана Орынбасарова – СҚО жастар ресурстық орталығы бөлімінің жетекшісі:

– Жиналған сыйлықтарды желтоқсанның 27-сі және 28-і Петропавлдағы сәбилер үйі және Соколов арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушілеріне апарып береміз. Әзірше көмек қолын созып жатқандар көп емес. Әлі орындалмаған тілектер бар. Сондықтан жаңа жыл қарсаңында игі іс жасауға асығыңыздар.

“Армандар орындалады” қайырымдылық акциясы желтоқсанның 25-іне дейін жалғасады.


Берік Қасен