Құқық қорғау органдары

Тәуелсіздік күні қарсаңында 100-ден артық полицей марапатталды

Ерең еңбек ескерілуі тиіс. Бүгінгі салтанатты шарада құқық қорғау саласының дамуына сүбелі үлес қосып, ілкімді істерімен көзге түскен жандар марапатталды. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ерлігі үшін” медалі Әлім Мәліковке табысталды. 29 жастағы полицей өткен жылдың қарашасында 6 адамды ажалдан аман алып қалған болатын. Ол түн ішінде “Жас өркен” ауданында өртке оранған үйге барып, шырт ұйқыда жатқан жерлестерімізді сыртқа шығарған.

Әлім Мәліков – Петропавл қалалық ІІБ ғимаратты күзету полицейі:

– Оқиға кезінде жанып жатқан үйдің 1 есігін сындырдым. 2-ші есікті сындыра алмағасын қатты тарсылдатып, баспана иесін ояттым. Кейін, нысан ішіне кіріп 3 баланы сыртқа шығардым. Бұл ісімді батырлық деп санамаймын.

Тағы, шарада бірқатар мамандарға облыс әкімінің құрмет грамотасы берілді. Мұндай марапатқа 20 жылдан артық құқық қорғау саласында еңбек етіп келе жатқан, СҚО ІІД-нің әкімшілік полиция басқармасындағы жол және техниалық инспекция бөлімінің бастығы Назар Байматов та ие болды.

Назар Байматов – СҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасы жол және техниалық инспекция бөлімінің бастығы:

– Өзім құқық қорғау саласында 96-шы жылдан бері қызмет етемін. Талай жылғы еңбегім еленіп, марапатқа ие болып отырмын. Құрмет грамотасын алғаныма қуаныштымын.

Бұдан бөлек, 20-дан артық тәртіп сақшысы кезекті шендерін алды. Олардың арасында лейтенант атанған жас мамандар да бар.

Ал 3 құқық қорғаушыға шара барысында пәтер кілттері салтанатты түрде табысталды. Жалпы, өңірімізде полицейлерді баспанамен қамтуға тиісті көңіл бөлінуде. Мәселен, жыл басынан бері 40 маман қоныс тойын тойлапты.

Берік Біләлов – СҚО ІІД бастығы:

– Бүгін міне, Тәуелсіздік күні қарсаңында бірқатар мамандардың еңбектері еленіп жатыр. Бұл талай жыл ерінбей тер төккен өздеріңіздің жемістеріңіз. Әрі қарай да осылай қажырлы жұмыс істеуге шақырамын. Құқық қорғаушыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін біраз шаруа атқарылуда. “Жас өркен” ауданында полицейлерге арналған үйдің құрылысы жүруде.

Айта кетейік, ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығына арналған салтанатты жиында 100-ден артық полицей құрметке бөленді. Шара соңы концертке ұласты. Сахнада жергілікті әнші, бишілерден бөлек, талантты тәртіп сақшылар да өнер көрсетті.

 

Култанов Байболат