Өнеркәсіп

“Блок” ЖШС “Парыз” республикалық байқауының жүлдегері атанды

Мамандардың айтуынша, өнімнің сапасы ешқашан сыр берген емес. Себебі, мұқият бақылаудан өтеді. Лариса Романюта дәл осы іске жауапты.

Лариса Романюта – “БЛОК” ЖШС дайын өнімнің сапасын бақылаушы:

– Өз басым әрқашан барлық шаруаның сапалы атқарылғанын бақылаймын. Егер миканиттің кей тұстары қалыңдыққа сай келмесе, оны өзім желімдеймін. Жұмысым ұнайды. Кәсіпорында 2000-шы жылдан бері еңбек етіп келемін.

Құрамында химиялық қосылғыштар болғандықтан, миконит атмосераға зиянды қалдықтар шығарады екен. Алайда, олардың мөлшері стандартқа сай. Екі жыл бұрын бұл көрсеткіш тағы төмендетілген. Дәл осы артықшылықтары үшін биыл кәсіпорын “Парыз” байқауындағы “Экологияға қосқан үлесі” аталымы бойынша жүлделі екінші орынды иеленіпті.

Елена Голубева – “БЛОК” ЖШС бас технологы:

– Химиялық шикізатты пайдаланғандықтан, оның атмосфераға шығаратын қалдық мөлшерін бақылауда ұстаймыз. 3 айда бір рет мониторг жүргізіп, экологиялық сараптама шығарылады. Миканитке қажет желім өзіміздің цехта дайындалады. Жыл сайын оның құрамын сапасы өзгермей, бірақ зияны аз болатындай қылып жасауға тырысамыз. Бұдан бөлек, лас ауаны шығаратын бірнеше сорғы бар.

Өз істеріне жауапты қарайтындықтан, компанияның тұтынушылар саны жыл сайын артуда. Яғни, өндіріс көлемі де ұлғайып келеді. Ал, келесі жылы кәсіпорын өздерінің 30 жылдық мерейтойын атап өтпек.

Анатолий Сысоев – “БЛОК” ЖШС директоры:

– Үстіміздегі жыл біздің өндіріс ошағымыз үшін ойдағыдай өтті. 11 ай ішінде 694 млн тенгеге өнім шығардық. Миканиттен бөлек, “Ризолин” жабындық материалын дайындамыз. Қазір тауарларымыз Қазақстан, Ресей, Моңғолия мен Чехия елдеріне жіберіледі. Алдағы уақытта өнімдерімізді Біріккен Араб Әмірлігінде де саудаламақпыз. Жалпы, соңғы 3 жылда өнім көлемін 117 пайызға дейін арттырдық. Жұмысшылардың еңбек ақысын да өсіруге тырысамыз.

Бүгінде кәсіпорында 95-ке тарта адам еңбек етуде. Олардың орташа айлығы -115 мың теңгені құрайды.

 

Эльмира Садвокасова