Құқық қорғау органдары

Облыстық ІІД тарапынан екі көпбалалы жанұяға көмек көрсетілді

5 баланы тәрбиелеп отырған Айтжамал Кәрібаева – 2-ші топтағы мүгедек. Көзі нашар көреді. Сол себепті, анасы Қайни Қожелдақова қызымен бірге тұрады. Үй шаруасы бойынша көмектесіп, немерелеріне қарайды. Жоқшылық тауқыметін тартып отырған жанұяға мереке қарсаңында ІІД-і мен Тілдерді дамыту басқармасы тарапынан көмек көрсетілді.

Қайни Қожелдақова – Айтжамал Кәрібаеваның анасы, “Күміс алқасының” иегері:

– Осылай көмек көрсетіп жатқандарыңыз үшін үлкен рахмет. Енді үй жағынан қиналып отырмыз.

Ал, бұл мекен жай бойынша баспана жалдап тұрып жатқан нәзікжандының 6 баласы бар. Үлкені 17-де болса, кішісі 1,5-да ғана. Көпбалалы отбасы Петропавлға Есіл ауданынан 7 жыл бұрын көшіп келіпті. Содан бастап үй жалдап тұрады. Ал, баспана кезегінде 2000-шы болып тұр екен. Отағасы тапқан тиын-тебен балаларды киіндіру мен азық-түлікке және дәрі-дәрмекке ғана жететін көрінеді. Ал, бүгін табысталған сыйлық аз да болса көпбалалы жанұяға көмек болары анық.

Раушан Мушраунова – “Күміс алқасының” иегері:

– Ақшаның басым бөлігі дәрі – дәрмекке жұмсалады. Балалар жиі ауырады. Себебі үй суық. Көпбалалы ана ретінде ай сайын 9440 тг аламын. Бүгін осындай көмек көрсеткендеріңіз үшін алғысымды білдіремін.

Облыстық ІІД-нің мамандары қазан айында Тараз қаласында өткен “Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте” атты республикалық байқауға қатысып 3-ші орынды иеленген екен. Жүлде ретінде алған 150 мың теңгені олар көмекке мұқтаж көпбалалы 2 жанұяға 75 мың теңгеден бөліп беруді жөн көріпті.

Алишер Жармағамбетов – Петропавл ІІБ инспекторы:

– 3-ші орынды иеленгендіктен, біз ақшалай сыйлық алдық. Енді сол сыйлықты көпбалалы жанұяға табыстадық.

Жалпы осындай игі істерді Ішкі істер органдарының қызметкерлері жиі ұйымдастырып тұруға тырысады.

 

Молдир Макишева