Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Севказэнергосбыт» ЖШС тарифті 9 пайызға өсірмек

Мағауия Сағандықов- «Севказэнергосбыт» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

– Жыл басында энергияны тасымалдау мен теңдестіру құны артты. Тағы біздің шығындарымыз бар. Ол сараланған тарифтерді қолданудың негізінде 2-3 жыл көлемінде жиылды. Енді жағдайды ретту үшін осындай қадамға барып отырмыз.

Сөйтіп, егер монополист компанияның өтінімі қабылданса онда жарық құны 9 пайызға өспек. Сонда жеке тұлғалар пайдаланған 1 квт электр қуаты үшін бұрынғыдай 13 теңге 058 тиын емес, 14 теңге 256 тиыннан төлейтін болады. Заңды тұлғалар да қалталарын қамдағаны жөн. Дегенмен, жиынға келген жұртшылық жаңа жылдың жаңа тарифпен басталатынына қарсылық білдіруде. Өйткені, олардың кәсіпорынға деген сауалдары көп.

Амангелді Кенжеғозинов – СҚО ардагерлер кеңесі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, еңбек ардагері:

– Бір адам үшін 70 кВт, екі адам тұрса 140 кВт беріледі. Бұл үлкен отбасылар үшін, әрине, жақсы, бірақ жалғызбасты адамдар үшін тиімсіз. Өйткені, қазір электр құрылғыларын көптеп пайдаланамыз. Тағы биыл жылуды кештетіп берді сол кезде жарықты артық тұтындық. Бұдан бөлек, қызмет көрсету орталығына қоңырау шалып, қазақ тілді операторды таңдасақ, бәрібір орысша жауап аламыз. Сонда бұл қалай болғаны? Осы жағын ескерсе екен.

Бұған дейін электр қуатының құны 2 жыл бұрын көтерілген екен. Ал, монополист компанияның тиісті органға жыл басында тастаған өтінімі қабылданбапты. Осы ретте айта кетейік, жиынның «қоғамдық тыңдау» деген жай атауы ғана болды. Өйткені, халықтың көбі кездесуге келгінемен, кабинет тар болғандықтан отырысқа қатыса алмай қалды.

 

Магжан Ахмадина