Аптадағы маңызды жаңалықтар

Заречный кентіндегі көпір түрлі-түсті шамдармен жарықтандырылды

Көздің жауын алар бұл әшекей шамдарды орнату жайлы ой “Идея” жарнама агенттігіне тиесілі, жұмыстарды да аталмыш фирма атқарған. Компанияның ұсынысын қала әкімдігі қолдап, тиісті шаруаны тындыруға қазынадан қомақты қаражат бөліпті.

Александр Богданов – “Идея” жарнама агенттігінің директоры:

– Көпірдің секторларындағы түрлі-түсті жарық шамдар қозғалмалы, яғни үздіксіз ерсілі-қарсылы жылжып отырады. Ал жолдың бойындағы шамдар ақ түсті әрі қозғалмайды. Маңыздысы, шамдар көлік жүргізушілеріне кедергі жасамайтындай етіп орнатылған. Сонымен қатар, біздің агенттік қаладағы Жамбыл және Брусиловский көшелерін де осындай жарық диодты шамдармен әшекейледі. Бұл қаланың түнгі көркін аша түседі.

Саят Ермек – тілші:

– Енді күн ұясына кіріп, қараңғы түскенде көпір түрлі түсті шамдармен жарықтандырылады. Бұл шаруаны тындыру үшін альпинистер мен электр дәнекерлеушілерден құралған бірнеше бригада жұмылдырылыпты. Медігерлер көпірдегі шамдар екі жыл көлемінде еш ақаусыз жұмыс істеуге қауқарлы деп кепілдік беріп отыр. Тіпті кепілдеме уақыты өтіп кеткеннен кейін де олар кемшіліктерді түзетіп, істен шыққан құрылғыларды алмастырып отыруға дайын.

Жаңа кейіптегі көпірдің түрлі-түсті оттары алғаш рет желтоқсаның 1-і тұңғыш Президент күнінде қосылды. Жаңашылдықты қалалықтар жылы қабылдап отыр. Есіл арқылы өтетін көпірдің сырт келбеті алыстан да, жақынан да көздің жауын алады дейді олар.

 

Саят Ермек