МТРА жаңалықтары

Виталий Диденко “100 жаңа есім” жобасына енді

Ол Қазақстан чемпионатына қатысып, алтыннан алқа тағыныпты. Спорт шебері атағын жерлесіміз 2006 жылы иеленсе, бір жылдан соң бұл атағын халықаралық дәрежеде сәтті қорғап шыққан.
Қазіргі уақытта спортшы 95 келі салмақ дәрежесінде бақ таластырып жүр. 32 келілік гір тасын көтеру ептілікті, еңбек пен төзімділікті қажет етеді дейді спортшы.

Виталий Диденко – ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

– Біздің спортта бастысы шыдамдылық таныту. Себебі, екі бірдей ауыр гірді 10 минут бойы көтереміз. Үзіліс жасауға болмайды. Сондықтан, төзімділікті талап етеді деп айта аламын. Жаттығулардың жемісін жеңіс тұғырында тұрып, кезекті медальді қанжығама байлағанда көремін.

Виталидің ата-анасы – ұстаздар. Әке-шешесінен дарыған болуы керек, бүгінде ол білген-түйгенін өз артынан еріп келе жатқан жастарға үйретуде. Сүйікті спортынан бөлек жерлесіміз 3 жыл бойы “Құлагер” хоккей клубының ойыншыларын жалпы физикалық дайындық бойынша жаттықтырады. Хоккейшылардың сөзінше, мұз айдынына ғана дайындамай, өмірлік кеңестер де береді екен.

Тимур Ульянов – “Құлагер” ХК ойыншысы:

– Виталий Михалович өте жақсы бапкер. Әр ойыншының жағдайына қарап, жаттығулар кешенін дайындайды. Адамгершілігі мол. Қолдан келмей жатқанда ұрыспай, керісінше қолдап, көмектеседі.

Жуырда теріскейлік спортшыны жерлестері “100 жаңа есім” жобасына лайық деп таныған. Сөйтіп, Виталий Диденко үлгі тұтар екі адамының бірімен тағы бір мәрте кездесіп қайтты.

Виталий Диденко – ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

– Менің өмірімде үлгі тұтарлық екі азамат бар. Бірі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев болса, екіншісі спорт әлемінде өзінің ойып тұрып орнын алған Арнольд Шварцнегер.Нұрсұлтан Назарбаев қарапайым жұмысшы қатарынан көтеріліп, бүгін ел басқарып отыр. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтінің сөзсіз. Елбасы Қазақстанның дамып, алдыңғы қатарлы ел болуына талмай еңбек етуде. Президентіміздің арқасында керемет жетістіктерге жеттік.

8 дүркін әлем чемпионының бүгіндегі медаль сандарына жету қиынның қиыны. Алайда, спортшы әлі талай рет халықаралық дәрежеде өнер көрсетіп, еліміздің байрағын көкте желбіретемін деп отыр.

Эльмира Садвокасова