Қоғам

Петропавлда “Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ” атты жиын өтті

Кеңес Мұқышев – «Нұр Отан» партиясы Петропавл қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Этномәдени бірлестіктермен жақсы жұмыс атқардық. Олардың салт-дәстүрлері және тілдерімен таныстық. Ал, мектеп оқушыларының бойларында отансүйгіштік сезімдерін нығайту үшін көптеген кездесулер өтті.

«Нұр Отан» партиясының Петропавл қалалық филиалы “Радзіма” белорус мәдени орталығымен тығыз қарым-қатынаста. Аталған ұйым халықтың біртұтастығын нығайту мақсатында ауқымды шаруа атқарып отыр. Олар түрлі іс-шараларға ат салысып, ұлттық құндылықтарды жұртшылыққа паш етуде. Бірлестік өкілдерінің жеткен жетістігі де аз емес. Биыл орталықтың өнерпаздары байқауларда бақ сынап, жүлдегер атанған.

Мария Татаренко – “Радзіма” белорус мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

– 5 және 12 жас аралығындағы балалар арасында өткен “Этно-фешн” және мемлекеттік тілді білу байқауында гран-при иелендік. Оған қоса, түрлі шараларға қатыстық.

Оған қоса, жастарды спортқа баулуға да көңіл бөлінген. Нұротандықтықтардың мұрындық болуымен қазіргі таңда №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде каратэнің мейбукан годзю-рю түрінен жиі жарыстар өтеді. Ал, №8 орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешенінде ұлттық өнерді дамытуға басымдық берілген. Аталған оқу ордасының оқушылары домбыра, қобыз сынды аспаптарда ойнауды меңгеріп жүр. Білім ұясының алға қойған жоспары айқын. Ұл-қыздарға тарихты үйретіп, туған жерге деген құрметті артыру үшін бірқатар жұмыс атқарылмақ.

Дина Әбілмәжінова – №8 орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешенінің директоры:

– “Отаным-тағдырым” бағытында 6 үлкен, 14 кіші жобаны іске асырғалы отырмыз. Осы жобалар барысында түрлі іс-шаралар өткіземіз.

Бұдан бөлек, №8 орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешені “Алтын жүрек” қайырымдылық концертін де өткізбек. Шарадан түскен қаржы науқас балалардың ем-домына жұмсалмақ.

 

Култанов Байболат