Әр түрлі

МТРК телеарнасының журналистері мен бейнеинженері республикалық байқаудан жүлделі оралды

Сюжеттің идеясы бойынша оқиға бір күнде орын алуда. Әріптестеріміз түсірілімді бастағанда да ауа райы тамаша, жайма шуақ күн болды. Алайда, келесі тәулікте-ақ, жауын-шашын басталып, екі жұмаға дейін созылған. Сөйтіп, барлық процессті уақытша тоқтатуға мәжбүр болыпты.

Жансұлу Тастемірова – МТРК телернасының тілшісі:

– Қолайлы ауа райын күттік. Екі жұмадан соң, түсірілімді қайта бастадық. Уақыттың тығыздығына байланысты жобаны 2-3 күн ішінде аяқтауға тура келді. Бірақ, нәтижесі өзімізге ұнады. Жалпы, бұндай байқауға бірінші мәрте қатысуым. Сондықтан, мансабымдағы алғашқы жеңіс деуге болады.

Бұндай қызықты әрі жеңіл форматтағы сюжетті дайындау Денис Сивковтің идеясы. Оның сөзінше, осыған ұқсас видеоны ол еңбек демалысында Екатеринбург қаласында түсіріп бастаған. “Турист” жобасы да 4 бөлімнен құралған Ютуб арнасындағы влог желісінің негізінде жасалыпты.

Денис Сивков – МТРК телернасының тілшісі:

– Жұмыста редакторларымыз Тұңғыш Президент күні мен Қазақстан тәуелсіздігі мерекелеріне орай ұйымдастырылып жатқан байқау жайлы айтты. Алдымен, өз ойымды бейнеинженерге ұсынып, кейін әріптесім Жансұлуды да жобаға қатысуға шақырдық. Мақсатымыз – шаһардағы киелі жерлер мен көрікті нысандар жайлы әңгімелеу. Бейнематериал жеңіл әрі қызықты жазылғандықтан қазылар алқасына ұнапты. Сюжеттің жүлделі орынға ие болатынына сенімді болдық.

Жоба бастан аяқ айфон 7 смартфонының камерасына түсірілген. Оператор әрі бейнеинженер Сахиб Велиевтің сөзінше, еш қиындық туындамаған, керісінше ыңғайлы екен.

Сахиб Велиев – МТРК телернасының бейнеинженері:

– Бұл байқауға арналып түсірілген видео болғандықтан, пландарды қызықты қылып түсіруге тырыстық. Бұған қоса, роликке инструменталды музыканы қостық. Алғашқы көрермендеріміз – әріптестеріміз болды. Жобаның бірінші бөлімін көрсетіп едік, оларға ұнады. Жалпы, сюжетіміз өте сәтті шықты деп ойлаймын.

Сөйтіп, бар жоғы 3 күнде түсірілген видео республикалық байқауда жоғары бағаға ие болды. Әріптестеріміз “Үздік телевизиялық сюжет” аталымында 80-ге тарта жобаны артқа тастап, 2-ші орынды иеленді.

 

Эльмира Садвокасова