Қоғам

Петропавлда облыстық көші-қон қызметінің жаңа орталығы ашылды

Кеңсе заманауи құрылғылармен жарақталыпты. Бейнебақылау камералары орнатылған әрі электронды кезек терминалдары да бар. Бұл полицейлер жұмысының ашықтығы мен мөлдірлігін қамтамасыз етпек.

Құмар Аксакалов – СҚО әкімі:

– Біз әрбір қызмет көрсетуді жеңілдету мақсатында еңбектеніп жатырмыз. Ең бастысы, жұмыстың ашықтығы мен мөлдірлігін қамтамасыз ету керек. Барлық мемлекеттік ұйымдар мен әкімдіктер осындай жүйеде қызмет көрсеткендері жөн.

Жалпы, орталықта тұрғындарға мемлекеттік қызметтің 14 түрі көрсетіледі екен.

Мәнсия Көшеғұлова – СҚО ІІД көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы:

– ҚР-нан тыс жерге кету жайлы, ҚР тұрақты түрде қалдыруға қатысты қызмет көрсетіледі. Азаматтық жөнінде, құжаттандыру және тіркеу мәселелері бойынша жұмыс істейміз.

Айта кеткен жөн, жыл басынан бері облысымызға 20 мың 500-ге жуық адам келген. Олардың 69 пайызы – ТМД елдерінің тұрғындары. Қалғандары – алыс-жақын шет мемлекеттердің азаматтары. Өңірге жұмыс сапарымен келген Ішкі і стер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғұмбаев орталықтың техникалық жарақталуына жоғары бағасын берді.

Ерлан Тұрғұмбаев – ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

– Мұндай ерекше үлгідегі халыққа қызмет көрсету орталығы елімізде алғаш рет ашылып отыр. Жыл соңына дейін дәл осындай кеңсе Астана қаласында жұмысын бастамақ. Бұрындары азамат өзіне қажет құжатты алу үшін бірнеше кабинетті аралайтын. Көші-қон қызметі басқармасының бастығының қолын қойдыртуға басқа мекен жайға баратын. Ал, бұл жерде барлық істі бірден тындыруға болады.

Ал, мынау – Қызылжар ауданының ішкі істер бөлімі. Мұнда жақында ғана бейнебақылау орталығы ашылды. Шағын бөлмеде 5 монитор бар. Оларға аудан аумағында орнатылған 94 бақылау камерасындағы бейнежазда келіп түседі. Осы жерден мамандар Бескөл ауылымен қоса тағы 10 елді мекеннің тыныс-тіршілігін байқай алады.

Қайыр Байқадамов – Қызылжар ауданы ішкі істер бөлімінің бастығы:

– 19 ауылдық округтың 10-ына 60 камера қойылды. Олардың пайдасы бізге көп тиюде. Осы жылдың ішінде 31 құқық бұзушылықпен 10 қылмыстың ізі суымай ашылды.

Бейнебақылау камераларын аудан әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлер бірлесіп орнатыпты. Заманауи құрылғыларды іске қосу үшін 7 жарым млн теңгедей ақша жұмсалған.
Алдағы уақытта Қызылжар ауданындағы ауылдарға бейнебақылау камераларын орнату ісі жалғастырылмақ. Жыл соңына дейін қалған 9 елді мекенге осындай 40 құрылғы қою жоспарланып отыр. Кездесу соңында өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов Ерлан Тұрғымбаевқа келер жылы “Оңтүстік” шеп бекетіне жөндеу жүргізілетіндігін айтты. Нысанның сырты әйнектен жасалмақ. Тиісті жағдайлардың жасалуы полицейлердің жұмысының мөлдірлігін қамтамасыз етпек.

 

Култанов Байболат