МТРА жаңалықтары

Облыс орталығында СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумы өтті

Мадияр Қожахмет – облыс әкімінің орынбасары:

– Тәуелсіздік алғанан бері елімізде бақылау функциялары 2 есеге азайған. Сондай-ақ, қадағалау функцияларын 40 пайызға азайту жоспарлануда.

Қоғамдық індет кең етек жайып кетпес үшін оны дер кезінде алдын алған жөн. Бүгінде өңір аудандарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильдік топтар құрылған. Жыл қорытындысы бойынша Аққайың ауданындағы мобильдік топ үздік деп танылды.

Марат Нұрсаитов – Аққайың ауданының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильдік тобынің жетекшісі:

– Мобильдік топтың құрамында 13 адам бар. Олар – “Нұр Отан” партиясы мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, ардагерлер және аудандық мәслихат депутаттары. Жыл басынан жұмыс бабымен 13 рет ауылдық округтерге шықтық. Кездесулерге барлығы 800-ге жуық адам қатысты. Жиналыстарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбында бейнероликтер көрсетіліп, 400 буклет таратылды.

Халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру шараларына 4-ші билік өкілдері де елеулі үлес қосып жүр. Марапаттау рәсімінде қоғамдық індетпен күрес тақырыбында жиі қалам тербейтін журналистер диплом және бағалы сыйлықтарға ие болды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агеттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаевтың сөзінше, жемқорлыққа төзбеушілік мінез-құлық нормаларын балаларға жастайынан сіңіру керек. Сонда жұмыс нәтижелі болатын көрінеді. Осы орайда өңір мектептерінде “Адал ұрпақ” ерікті мектеп клубтарының құрылғандығын атап өткен жөн.

Светлана Журова – “Адал ұрпақ” ерікті мектеп клубының мүшесі, Айыртау ауданы:

– Оқушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарастарын қалыптастыру мақсатында мектепте тұрақты түрде “Адал ұрпақ” ұйымы жұмыс істейді. Ұйым мүшелері жастармен кездесулер өткізіп, оларға заңнаманы ұғынықты тілде түсіндіреді.

Өңірлік форум аясында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, жоспарлар айқындалды.

Берік Қасен