МТРА жаңалықтары

Облыс орталығында көші-қон саясатына байланысты ауқымды семинар-отырыс өтті

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Шетелдік жұмыс күшін және көші қонды дамыту, шетелде тұратын этникалық қазақтардың елге оралуына жағдай жасау, заңсыз көші-қонға қарсы тұру жиналған мамандардың бірлесе жұмыс істеуіне байланысты.

СҚО-на оңтүстік аймақтан жанұяларды көшіру үрдісі жалғасын табуда. Биыл өңірімізге түстіктен 186 отбасы қоныс аударса, келесі жылы бұл көрсеткіш 768-ге дейін жетпек. Қазақстандықтардан бөлек, теріскейге шетелдіктер де көшіп келуде. Мәселен, жыл басынан облысымызда 20 мың 480 адам уақытша тіркеуге тұрған. Олардың 96 пайызы – ТМД елдерінің азаматтары.

Берік Біләлов – СҚО ІІД бастығы:

– Өткен жылмен салыстырғанда тұрақты тіркеуге тұрғандардың саны 44 пайызға артқан. Былтыр бұл көрсеткіш 317 адамды құраса, биыл 457-ге дейін жетті. Сырттан келгендер өңірдің криминогендік жағдайына әсер етеді. Сол себепті, олар ішкі істер органдарының жіті бақылауында болады. Жалпы, өңірде шетел азаматтарымен 27 қылмыс жасалды. Бұған қоса, көші-қон саласында 4 мың әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген.

Көші-қон заңнамасын бұзғандарды анықтау мақсатында өңірде жолаушыларды тасымалдайтын көліктер тексеріліп, шетелдіктердің орналасқан жерінде ұдайы рейдтер жүргізіледі. Аталған шара барысында жыл басынан бері 52 құқықбұзушылық анықталған. Сондай-ақ, заңсыз келген 180 мигрант елімізден қуылды. Жалпы, статистикаға сүйенсек, жыл сайын Қазақстанға 5 млн-дай адам келеді екен.

Ерлан Тұрғымбаев – ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

– Олардың 2 млн-ы – елімізде білім алып, тұрақты жұмыс істейтін азаматтар. Ал, қалғандары – уақытша келгендер. 60-тан астам елдің азаматтарына визасыз режим бекітілген, оларды елде тіркеу рәсімі жеңілдетілді.

Өңірден көшіп кетушілердің санын азайту үшін аймақтағы бизнес саласын дамыту қажет. Шараға қатысушылар бұл үшін теріскей өңірінде барлық жағдай жасалған дейді. Атап өту қажет, облысымыз бизнесті жүргізу бойынша қазақстандық рейтингте 4-ші орынға тұрақтаған.

Эльмира Садвокасова