МТРА жаңалықтары

Облыс әкімінің орынбасары үш тілді еркін меңгерген жастармен кездесті

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Жерлесіміз Герольд Белгер неміс, қазақ, орыс тілдері шабытымның үш қайнар бұлағы деді. Тілді меңгеру, еркіндіктің бостандықтың әлем бойынша жүріп тұрудың кепілі.

Кездесу барысында қатысушылардың біразы сөз алып, өздері жайлы айтты. Олардың арасында орыс ұлтының өкілі Сергей Воронцов та бар. 23 жастағы азамат Ғ.Мүсірепов ауданындағы Урожайный орта мектебінде мұғалім болып қызмет етеді. Қызықтысы, азамат оқушыларға мемлекеттік тілде сабақ береді. Қазақ халқының әдебиетімен де жіті таныс. Ол Абай, Мағжан сынды ақиық ақындардың өлеңдерін сүйіп оқиды. Жерлесіміз қазақшаны осыдан 5 жыл бұрын меңгере бастапты.

Сергей Воронцов – Урожайный орта мектебінің мұғалімі, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Мен өзім қазақ тілін мектепте оқып жүргенде үйрене бастадым. Сөйлеу қиын емес. Грамматикасы сәл қиындау.

Жиында аға буын өкілдері де сөз сөйледі. Қызылжар ауданындағы “Шағала-агро” ЖШС директоры Жомарт Омаров жастарға жылы лебізін білдірді. Жерлесіміз жуырда “Тіл жанашыры-2017” төсбелгісінің иегері атаныпты.
Кездесу соңында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, насихаттауға қосқан үлестері үшін бірқатар жерлесіміз марапатталды. Оларға Мадияр Қожахмет облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан алғыс хат табыстады.

 

Култанов Байболат