Қоғам

Мерзімінен бұрын үйі бұзылған Дина Мақашеваға пәтер берілді

Дина Мақашева:

– Анамның туған күніне дайындалу үшін туысқандарымда қонған болатынмын. Осы арада үйімді бұзады деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Келсем баспанамның шатыры, қоршаулары, тіпті, терезелері мен іштегі жиһаздарым да жоқ. Әкімдікке барып едім, бұл іске біздің қатысымыз жоқ деді.

Сырылатын үйінің орнына берілетін жаңа пәтерімен бойжеткен оқиға орын алғанға дейін бір апта бұрын танысып, таңдауын жасаған. Кейін қажетті құжаттар әзірленіп, баспана кілті Динаға табысталуы тиіс еді. Баспанасы мерзімінен бұрын бұзылғанда қолында кепілдеме құжаты мен кілті болмағандықтан, үй-күйсіз далада қаламын деп үрейленіпті.

Дина Мақашева:

– Пәтерді бір апта бұрын таңдап қойғанмын. Мемлекеттік сатып алу сайтына сұраныс жібердік, ол мақұлданды. Оқиға орын алғанда әкімдік әлі пәтер кілтін бермеген еді. Сондықтан, тіпті баспанасыз қаламын ба деп қорықтым.

Қазір бойжеткеннің жаны жай тапқан. Енді бір бөлмелі пәтер – оның жеке меншігінде. Осы оқиғаға қатысты алғашында түсініктеме беруден бас тартқан қала әкімдігінің өкілдері бірер күннен соң тілшілермен тілдесті. Мән-жайды шаһар басшысының орынбасары Сәния Смаилова баяндап берді.

Сәния Смаилова – Петропавл қаласы әкімдігінің орынбасары:

– Дина Мақашеваның жерүйі 1,5 млн теңгеге бағаланды. Ақшаның орнына бойжеткен пәтер аламын деді. Үйді бұзар алдында жауапты компания онда ешкімнің тұрмайтындығына көз жеткізіп алады. “Коммунхоз” кәсіпорнының мамандары келгенде баспана бос болған. Сондықтан, олар оны сыруды жөн көрген. Дәл сол уақытта біздің тарапымыздан ешқандай тапсырма әлі берілген жоқ болатын.

Пәтердің ішіндегі жиһаз – бұрынғы қожайынның мүлкі. Жуық арада ол өзіне тиесілі дүниелерді алып кетеді. Ал, Динаның жерүйінен жоғалған мүліктің орнына әкімдік су жаңа жиһаз әкелеміз деп уәде беріпті.

 

Саят Ермек