Мәдениет

Облыс орталығында жазушы, публицист Бақыт Мұстафинді еске алу кеші өтті

Бақыт Мұстафин өзінің шығармашылық жолында қос тізгінді қатар ұстаған қаламгер. Ол саналы ғұмырын журналистика мен әдебиет саласына арнады. Тағдыр қосқан қосағы Дәмелі Мұстафинаның сөзінше, тіпті, еңбек демалысына да шықпаған. Күні-түні бел жазбай “Ленин туы” газетінің гүлденіп, өркендеуіне өз үлесін қосты, оны жаңа деңгейге көтеруге септесті.болашақ жарымен да дәл осы редакцияда жүріп танысқан.

Дәмелі Мұстафина, Б.Мұстафиннің зайыбы:

– Редакцияда таныстық. Отау құрдық. Ол керемет очеркист. Балаларды ерекше жақсы көретін. Сондықтан, жеткіншектерге арнап түрлі шығармалар жазды.

Бүгінгі кеш қонақтарының арасында жазушының оқырманы, 6 сынып оқушысы Бибатима Мұханжарова да бар.

Бибатима Мұханжарова – С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушысы:

– Менің ойымша, Б.Мұстафин ең керемет әрі мықты жазушылар мен журналистердің бірі. Маған оның көптеген шығармалары ұнайды. Ол мені жаңа нәрсені білуге, оқуға, ізденіске баулиды.

Б. Мұстафин кестелі тілімен, орамды ойымен көзге түсті. Очерк пен публицистиканың қас шебері жас журналистер, жазушылар мен ақындарға үлгі бола алды. Қаламгердің тәлімін алып өскен Зейнолла Әкімжановқа Бақыт Мұстафинмен бір газетте жұмыс істеу бақыты бұйырған.

Зейнолла Әкімжанов – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын:

– Мен Б.Мұстафиннен шығармашылық, рухани тазалыққа үйрендім. Ол ада, адамгершіл адам еді.

Жұмаш Сейітбеков – тыл ардагері, Қазақ ССР оқу-ағарту ісінің үздігі:

– Мен Бақытты 1950-ші жылдардан танимын. Адамгершілігі зор, біреудің ала жібін аттамайтын адам еді.

Қаламгер зейнетке шыққан соң да газеттерге мақалалар жазып, жас журналистерге білім беру ісіне араласты. Ал, 2006 жылы кезекті туындысын дүниеге әкелу барысында қолына қаламын ұстап, дүниеден өткен. Алайда, жазушының артынан қалған мұралары мәңгі жасамақ.

Эльмира Садвокасова