Балалар

Облыс орталығында өңірлік жастар форумы өтті

Айтуынша, көп ізденіп, талаптанған адамның болашағы жарқын болмақ. Шет ел тілдерін меңгергендер, “Болашақ” бағдарламасы бойынша дамыған мемлекеттерде кәсіби білімдерін жетілдіре алады. Бұл тақырыпқа Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов кеңірек тоқталды. Ол осы бағдарлама аясында
АҚШ-та білім алған. Өңірдегі жастардың арасында өзге елдің университеттерінде оқығысы келетіндер аз емес.

Кездесуге елге танымал спортшылар да келген. Дүние жүзіне есімі белгілі палуан Сергей Цырульников 4 рет әлемдік рекорд орнатқан. Қажы Мұқан Мұңайтпасұлын пір тұтатын қара күштің иесі болашақта отандасының ерліктерін қайталамақшы. Сондықтан, алдағы көктемде жылқыны тісімен көтеруді ойластырып жүр. ал бұл жолы өзімен бірге Астанадан салмағы 34 келілік қылыш әкеліпті. Дәл осындай қаруды қазақ батырлары жауға шапқанда қолданған. Білекті сарбаздар ұстаған қылышты бүгінгінің жастары бір қолымен көтеріп көрмекші болды.

Осы күні жиналғандар “Street Workout” өнерін де тамашалай алды. Бұл спорт бағыты өңірімізде кең етек жайып келеді.
Форум аясында өз саласында озық шыққан жас азаматтар 10 аталым бойынша марапатталды. “Жас спортшы” номинациясында диплом және бағалы сыйлыққа еркін күрестен ҚР-ның үш дүркін чемпионы Индира Наурызбаева ие болды. Бүгінде нәзікжанды 60-тан астам оқушыны осы спорт түріне баулып жүр.

Индира Наурызбаева – еркін күрестен жаттықтырушы, Мамлют ауданы:

– Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан диплом алғаныма қуаныштымын. Қазіргі таңда мектепте шәкірттеріме еркін күрестің қыр-сырын үйретудемін. Араларында халықаралық додалар және ел чемпионаттарында топ жарып жүргендері бар.

Салтанаты шара барысында жас тілшілер мен мұғалімдер, әскери қызметкерлердің еңбегі де бағаланды.

Форум секциялық отырыстармен жалғасын тапты. Онда жастар түйіні тарқамай жүрген мәселелерді “Нұр Отан” партиясының өкілдері, Мәжіліс депутаттарына жеткізе алды.

Абылайхан Қайролла – “Жас Отан” ЖҚ СҚФ төрағасы:

– Пікірталас алаңдарында жастарды мазалап жүрген сұрақтар қозғалады. Солардың бірі жастардың СҚО-нан жастардың көптеп кетуі. Оның себебін іздейміз. талқылаймыз. Шешімін қарастырамыз. Бұдан бөлек баспанамен қамту, тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету сұрақтары қозғалады.

Пікірталас алаңдарында спорт, экономика тақырыптары да қозғалып, мемлекеттік бағдарламалар туралы жан-жақты мәлімет берілді.


Берік Қасен