Ауыл шаруашылығы

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ұстазы Күлбарам Баязитова “100 жаңа есім” жобасына енді

Күлбарам Баязитова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты:

– Бір жыл үйде отырдым. Сондықтан, оқуға түсерде қорықтым. Әкем екеуіміз зоотехникке құжаттарымызды тапсырдық. Оған талапкерлер саны аздау болғандықтан, түсіп кеттім.

Десе де, бұл мамандықты таңдағанына Күлбарам Баязитова еш өкінген емес. Қиын әрі жауапты сала болғанына қарамастан, нәзікжанды өз тағдырына дән риза. Себебі, студенттік шағында болашақ жарымен кездесіпті.

Күлбарам Баязитова -М.Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты:

– Осы мамандықты таңдамасам, бүгінгі күнгі жетістіктеріме жетпес едім. Жұбайымды кездестірдім. Отау құрып, студенттік кезімде тұңғышымыз дүниеге келді. Тағдырыма ризамын.

Түрлі совхоздар мен агроқұрылымдарда жұмыс істеген соң, жерлесіміз жылдар бойы жинаған тәжірибесін жастармен бөлісуді шешеді. Осылайша, 2001 жылы Күлбарам Нұрғалиқызы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ келді. Ал 2 жылдан кейін жоғары оқу орнында ауыл шаруашылығы кафедрасының таспасы қиылады. Бүгінгі күнге дейін бұл жерден 500-ден астам аграрлық секторға қажет агроном, биотехнолог сынды қызметкерлер түлек ұшқан. 4 жыл бұрын нәзікжандының бастамасымен мал өнімдерін өндіру технологиясы мамандығы ашылды. Оқытушының жетекшілік етуімен 30 дипломдық, 5 магистрлық жұмыс қорғалған. Қазір Күлбарам Баязитова университеттің құрметті мұғалімі ғана емес, көпке үлгі азамат десе де болады.

Ақжан Данаева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Ол кісі сабақта аздап қаталдау. Бірақ жаңа тақырыпты түсіндіргенде, ерекше құштарлықпен тыңдаймыз. Себебі, сабағын өте қызықты өткізеді. Ешқайда бұрылмай, телефонға да қарамаймыз.

Ақан Жүнісов – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты:

– Мен Күлбарам Нұрғазиқызын 7-8 жылдай білемін.0-40 Өте білімді, студенттермен жақсы жұмыс істе біледі. Осы университеттегі мал шаруашлығы мамандығының ашылуының басы-қасында болды.

Күлбарам Баязитованың еліміздің гүлденуі мен ауыл шаруашылығы саласының дамуына қосқан үлесі зор. Сондықтан, жерлестері оны “100 жаңа есім” жобасына лайық деп тапқан. Барлығы 10 мыңнан астам адам маманға өздерінің дауыстарын беріп, қолдау көрсетті. Өз кезегінде нәзікжанды әлі талай жыл жоғары оқу орнында еңбек етіп, аграрлық секторға қажет мамандарды даярламақ. Себебі, бұл шаруаның қаншалықты маңызды екенін ол жақсы біледі.

Күлбарам Баязитова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты:

– Ауыл шаруашылығының дамығаны еліміз үшін өте қажет. Себебі, ол – Қазақстанның күші мен қуаты. Егер, нан, сүт, етіміз болмаса космос, музыка да болмайды. Сондықтан, бұл салаға назар аудару керек.

Еске сала кетейік, 100 жаңа есім жобасына теріске өңірінен 8 азамат енген болатын.

 

Эльмира Садвокасова