Қоғам

Рашбиль Евдаев “Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобасына кірді

Әке-шешесінің қалауымен бозабала шебердің жанына барып, аяқ киім тігуді үйренеді. Сөйтіп, екі жыл қолынан кендір мен біз түспеген жігіт етік тігу білетіні туралы грамота алыпты. Кейін әскерден оралғанда Солтүстік Қазақстандағы Булаев қаласына үш жұмаға іс-сапармен келген екен. Сөйтіп, жер жағып, үш аптасы 40 жылға жалғасты.

Рашбиль Евдаев, СҚО еврей мәдени орталығының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты:

– Булаев аудандық аяқ киім комбинатын басқардым. Ол жерде 6 ай істеп, бұл кәсібімді Есіл ауданында жалғастырдым. Сөйтіп жүргенде Кеңес одағы құлады. Содан Петропавлға келіп аяқ киім фабрикасын аштым. Қиын жылдар болды. Дағдарысқа ұшырадым. Нарыққа қытай еніп, біздің аяқ киімдер өтпейтін болды. Дәл осы кезде Тәуелсіз, жас мемлекетіміздің құрылуына куә болдым. 1984 жылы үйленген едім, балалрым да осында туды.

Қазақстанға 22 жасында келген етікші Рашбиль – қазір пайғамбар жасына жақындаған облыстық мәслихаттың депутаты. Өңірдегі ауқатты жеке кәсіпкерлердің бірі. Петропавлдағы бірнеше бизнес нысаны осы кісінің иелігінде. Рашбиль Евдаевтың отбасынан бөлек, қазір Солтүстік Қазақстанда қиын-қыстау заманда жер аударылған 500-ге жуық еврей тұрып жатыр.

Кәсіпкер жерлесіміз өңірдегі осы еврей ұлтының өкілдерін біріктіретін мәдени орталыққа да төрғалық етеді. Қиындықпен бетпе-бет келген азаматтарға әрдайым көмек қолын созады. Жетім, жесір көп балалы отбасыларға қарайласады. Бірақ, бұл игі істерін жаһанға жар салып айғайлаудан аулақ. Өзгелерге үлгі болар осы мінезі үшін де Рашвиль Ильхананұлын жерлестері қолдап, оны “100 жаңа есім” жобасына ұсынған. 1 желтоқсан күнгі Елбасымен өткен кездесуден кейінгі толқынысынан жерлесіміз әлі айыға алмай жүр екен.

Рашбиль Евдаев, СҚО еврей мәдени орталығының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты:

– Сендер Қазақстанның батырларысыңдар деді, Елбасы. Мен өзімді батыр санамаймын. Президентпен бір залда отырып әңгімелестік. Түрлі саланың тұтқасын ұстаған, жас та болса талай шаруаны тындырған жандардың өмірін, істеген істерін білдік. Түрлі ұлттың баласы болды. Ассамлеяның отырыстарында кездесіп жүрмыз ғой, бұл жолғы жиын олардан бөлек, ерекше өтті. “100 жаңа есімнің” қатарында менің де атым барына ризамын. Мұқтаждарға көмек қолын создым деп айтып, ешкімге міндетсінбеймін. Бір қолыңмен жәрдем сұраған жанға көмек берсең, жаратушымыз екінші алақаныңа өзге ризығын салады.

Жерлесіміз осы өңірде екі баланың әкесі, үш немеренің атасы атанды. Өзі 6 баланың кенжесі екен. Алайда, бауырлары Әзірбайжанда тұрады. Сондықтан, тарихи отанын ұмытпай, Әзербайжанға жиі барып тұрады. Дей тұрғанмен “Қазақстаннан басқа жерде бір аптадан артық тұрақтай алмаймын, қайтқым келеді де тұрады” дейді, халық қалаулысы. “Ұлтым – Еврей жаным – қазақ” деп отырған қамқор, әрі еңбекқор азаматтың бұл сөзі нанымды. Етік тігу кәсібін 11 жыл бұрын тоқтатқан. Деседе, тіккен аяқ киімі 1000 жұптан асып жығылатынын білетін, азамат, қанша жанға қол ұшын бергенін санамапты.

 

Акбопе Танирберген