Мәдениет

Петропавлда жерлес хормейстер В.Кардашовты еске алуға арналған фестиваль өтті

Хор солистерінің ішінде Владимир Кардашовтың қызы Анна Горбунова да бар. Бақилық болғалы 7 жыл өтсе де, әкемді, оның шығармашылығын сағынамын дейді ол. Себебі, қызының бойында вокал мен хор шығармашылығына деген қызығушылықты өнер майталманы өзі оятыпты.

Анна Горбунова – В.Кардашовтың қызы, СҚО филармониясының камералық хорының әртісі:

– Ол 73 жасында өмірден өтті. Осы уақытта артынан өшпес мол мұра қалдырды. Ол сабақ берген колледж, негізін қалаған өнер мектебі мен хор ұжымы бүгінде гүлденуде. Ол керемет әке де бола білді. Менің музыкаға деген құлшынысымды көріп, білгенін үйретіп бақты. Оны қатты сағынамыз.

Фестивальге Владимир Кардашовтың туғандары, әріптестері мен дос жарандары жиналды. Арасында ҚР құрметті журналисі Раиса Бикмухаметова да бар. Ол майталманмен ширек ғасыр бойы ажырамас дос болған.

Раиса Бикмухаметова, ҚР құрметті журналисі, В.Кардашовтың досы:

– 2000-шы жылдары менің “Жерлестер” атты бағдарламам болды. Сонда мен бұл кісі туралы шағын фильм түсірген болатынмын. Біз бұған дейін де жақсы дос болғанбыз. Кейін тіпті жақындасып кеттік. Ол өте шығармашыл, ақжарқын және дарынды адам еді. Еңбегін елеп, мұндай фестивалді ұйымдасытырп жатқандарға айтар алғысым шексіз.

Фестиваль сахнасына өңірлік 17 хор ұжымы мен вокалдық ансамбль шығып, Владимир Кардашовтың репертуарындағы туындыларды орындады. Бұдан бөлек қайраткердің қаламынан туған туындылардан да шашу шашылды. Азаматты еске алу үшін соғыс және еңбек ардагерлерінің халықтық хоры да келіп, өнер көрсетті.

Саят Ермек